Госорганы

«Банкрорттық – несиелік рақымшылық емес». Азаматтардың төлем қабілетін жақсартатын заң жобасы мақұлданды

Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеті және банкроттығы туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhyтілшісі.

«Заң жобасын әзірлеу барысында жеке тұлғалардың банкроттығы институты қалыптасқан елдердің тәжірибесін саралап, оңтайлы нормаларын алуға ынталандық. Осылайша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, рәсімдердің 3 түрін енгізуді ұсынып отырмыз. Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастай алады, яғни несие берушінің борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ», — деді Жамаубаев.

Ол атағандай, соттан тыс банкроттық рәсімі бойынша азаматтар бірқатар шарт бойынша өтініш бере алады.

«Банктер, микроқаржылық ұйымдар мен коллекторлар алдындағы берешек 4,9 млн теңгеден аспаса, ресми кірісі жоқ немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын табысы болса – 36 018 теңге. Бұл ретте борышкердің мүлкі болмауы керек және қарыздар бойынша банкпен тиісті рәсімдерді жүргізуі қажет. Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржылық ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін», — деді ол.

Министр атағандай, сомасы 4,9 млн теңгеден асатын қарыздар мен басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады.

«Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылатын болады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды», — деді ол.

Соттан тыс банкроттық «Электрондық үкімет» веб-порталында басталады.

«Содан кейін, ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіру критерийлеріне сәйкестігін анықтау мақсатында мүдделі мемлекеттік және басқа органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі», — деді ол.

Ерұлан Жамаубаев айтқандай, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі бойынша тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады.

«Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушылармен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, кейін адам «банкрот» деген мәртебесін алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды», — деді ол.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Дүйсенбай Тұрғанов бұл заң жобасындағы азаматтардың банкроттығы несиелік рақымшылық емес екенін айтты.

«Заң жобасындағы нормаларды талқылау барысында бірқатар бастама талқыланды. Борышкерлер тарапынан алаяқтық болу ықтималдығы да қарастырылды. Банкроттық – барлық қаржылық проблемадан құтылу деген сөз емес. Кредиторлар алдындағы жауапкершіліктен қашу мен жалған бастамаларды келтіргені үшін жауапкершілік бар. Банкрорттық – несиелік рақымшылық емес. Азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтірудің тетігі», — деді ол.

Другие новости

Back to top button