Балқаш қаласының әкімі тұрғындардан кешірім сұрады
Үш күн бойы ауызсусыз қалған Балқаш тұрғындарынан қала әкімі кешірім сұрады. Қаланы қаңсытқан коммуналдық апат бүгін ғана жойылды дейді шаһар басшысы. Дегенмен қатты қысымнан құбырлар қайта жарылып кетпес үшін ауызсу біртіндеп қана беріле бастаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
“Кішкене шыдымдылық таныта тұруларыңызды сұраймын. Су таситын көліктер де жұмыс істейді. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын. Мұның бәрі техникалық себептерге байланысты орын алды”, – деді Балқаш әкімі Қайрат Қамзин.
Ауызсу жоқтығынан мектеп оқушылары бүгін сабақты онлайн оқыды. Қала дүкендері жағдайды пайдаланып, бөтелкеге құйылған судың бағасын аспандатып жіберген. Су таситын көліктер күні-түні дамыл таппаса да, ауызсу алу үшін кезекке тұрғандар қатары бір сиремеді. Ал жөндеу жұмысы осы күндері үзіліссіз.
Магистарльді құбырдың жарылған жері бүгін ғана жамалды. 80 мың халқы бар шаһар үшін су тапшылығы таңсық емес. Қалада тозығы жеткен құбырлар жиі тесіледі. Оны бірден жаңартуға Балқаштың бюджеті жетпейді.
“Балқаш қаласының құбыры 80 пайызға ескірген. Бірақ қазір су құбырларын қайта құру басталды. Жоба аясында екіүш жыл ішінде 120 шақырымнан астам су құбыр ауыстыру жоспарланып отыр. Алдыңғы жылы сегіз шақырым, биыл 30 шақырымдай су құбыры ауыстырылатын болады”, – дейді Балқаш Балқаш қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Темірлан Игембай.