Алматы

Баласын жазғы демалыс лагеріне жіберетін ата-аналар нені білуі тиіс

Алматы қаласының санитариялық дәрігерлері балаларына жазғы демалыс үшін лагерь іздеп жүрген ата-аналарға бірнеше кеңес ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Жазғы демалыс жақындаған сайын ата-аналар балаларына жазғы сауықтыру лагерьлерін іздей бастайды. Қазіргі уақытта интернет желісінде лагерьлер туралы ақпарат өте көп. Бұл ретте қаланың санитариялық дәрігерлері балаларына жазғы демалысы үшін лагерь іздеген ата-аналарға назар аударатын бірнеше кеңесті ұсынады», — делінеді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің хабарламасында.

Сонымен, ата-аналар лагерьлердің қандай басты талаптарына мән бергені дұрыс.

Санэпидем бақылау департаментінің мәліметінше, біріншіден, жазғы сауықтыру қызметін ұйымдастыратын әрбір заңды және жеке тұлғаларда нысанның санитариялық талаптарға сәйкестігі туралы қорытындысы болуы керек. Бұл санитариялық талаптар ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2022 жылғы 10 тамыздағы N78 бұйрығымен бекітілген «Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидасына сәйкес беріледі. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны нысанның орналасу аймағына байланысты, сол аймақтың Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары ұсынады.

Екіншіден, әрбір ата-ана баласының денсаулығына өзі жауапты екенін ұмытпауы керек. Сондықтан баласын жазғы сауықтыру лагеріне жіберер кезде, баласына жеке гигиенаны сақтаудың қарапайым ережелері туралы профилактикалық әңгіме жүргізуі қажет, атап айтқанда:

— Тамақтанар алдында және дәретханаға барған соң қолды жуу;

— Көкөністер мен жемістерді тұтынар алдында сумен жақсылап шаю;

— Cауықтыру лагерьлерінің аумағында өсетін жабайы жемістерді пайдалануға тыйым салу;

— Бассейнде шомылған соң, душта сабынмен жуыну.

— Басқа адамдардың жеке гигиена заттарын (тарақтар, тіс щеткалары және т.б.) және киімдерін пайдаланбау;

— Туристік серуенге шыққан кезде дененің барлық ашық бөліктерін жабу;

Сондай-ақ, егер ішек инфекциясының белгілері пайда болған кезде, бала өзін әлсіз сезініп, жүрек айну, құсу, дене температурасының жоғарлауы және т.б. белгілерін байқаса, дереу медициналық көмекке жүгінуді үйретуі қажет.

Үшіншіден, жазғы сауықтыру мекемесіне баратын баланың денсаулық жағдайы туралы құжаты (086/у нысаны), инфекциялық аурулармен байланыстың болмауы туралы анықтамасы (071/у нысаны) болуы тиіс.

«Әрбір ата-ананың міндеті – баласы үшін жайлы да қауіпсіз демалысты қамтамасыз ету болып табылады», — деп хабарлады ведомствода.

 

Другие новости

Back to top button