Западно-Казахстанская область

«Баламды жарымжан еткендер жауапқа тартылсын!»: Оралда спорт алаңында жаттығып жүріп, екі саусағынан айырылған жасөспірімнің анасы әділдік іздейді

Оралда бюджеттің 29 миллион теңгесіне жасалған спорт алаңында жаттығып жүріп, екі саусағынан айырылған Никита Кудряшовтың анасы әділдік іздейді. Ол баламды жарымжан еткендер жауапқа тартылмады деп ашулы. Айтуынша, 13 жастағы ұлы Никитаның ісі бойынша полицияға арыз түсірген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтарына сілтеме жасап. 

 

Алайда құзырлы орган өкілдері сапасыз құрылғыларды орнатқан мердігер компанияны тергеудің орнына, істі жылы жауып тастады деп отыр. Ал, әкімдіктегілер темір құрылғыларды ауладан алып тастаумен ғана шектеліпті. Осыдан бес ай бұрын 13 жастағы Никита үйінің ауласындағы мына жаттығу алаңына денесін шынықтырға барған.

Кенет қолы темір құрылғыға қысылып қалып, бір саусағы кесіп түскен. Есінен танып қалған баласын анасы бірден ауруханаға жеткізеді. Алайда дәрігерлердің Никитаның екінші саусағын да кесіп алып тастауына тура келген. Қазір сапасыз орнатылған құрылғының кесірінен саусақсыз қалдым деген сегізінші сынып оқушысы, үнемі қатысып жүрген бокс үйірмесіне де бара алмай қалдым деп қапалы.

“Менің боксер болғым келді, чемпион болғым келді. Маған жарысқа барсаң да, медкомиссиядан өте алмайсың деп айтты. Жіберілмейді деді”, – дейді Никита Кудряшов.

Никита қазір сыныптас достарымен де жақын араласпайды екен. Себебі, саусақтарының жоқтығынан қысылып, болашағына сенімсіз қарайды дейді анасы. Әрі баламның болашағына балта шапқандар тиісті жазасын алса деп отыр.

“Бізге ешкім келген жоқ үйге. Кінәлілер, жауапты органдар ешкім келген жоқ. Хабарласқан да жоқ. Балам сол қазір осындай халге жетіп қалды. Баяғыдай емес, екі саусағынан ұялады. Өсіп келе жатқан жасы сондай ғой. Әрине қолы тоңады. Екі саусағының басында жаны жоқ. Жиі «анашым менің екі саусағым неге қатып қала береді?» деп айтады. Боксқа қатысып жүрген еді қазір бокстан да қалды. Былай қарағанда менің балам ертең қайда не істейді?”, – дейді Қарлығаш Кудряшова.

Қарлығаш Кудряшова оқыс оқиғадан кейін жаттығу құрылғыларын орнатқан «Жайық Сити» және «Гласс сервис» мердігер компанияларының үстіне арыз түсірген. Алайда полиция істі ашып, кейін кінәлілерді таппай, тергеуді тоқтатты дейді. Ал полиция департаментінің өкілдері қазір істі қайта қарап жатқандарын жеткізді.

“Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы іске кінәлі тарап міндетті түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады”, – дейді Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы Лунара Аманғалиева.

Ал Орал қаласының әкімдігіндегілер былтыр бұл спорттық алаңды 29 миллион теңгеге орнатқандарын мойындады. Бірақ, қауіпті әткеншектерді орнатқан мердігер компанияларды жауапқа тартпаған. Комиссия тек алаңдарды тексеріп шығып, ақауы бар әткеншектерді алып тастаумен шектеліпті.

Другие новости

Back to top button