Балаларды оптимизмге баулиық
Адамдар әртүрлі. Біреулер өмірде сәл нәрсеге қуанып, бақытты өмір сүрсе, ал енді біреулер үнемі себепсізден-себепсіз ештеңеге көңілі толмай, бағы жанбаған жан секілді құлазып жүреді. Мұндай екі түрлі өмір сүрудің себебі позитив пен негатив көзқараста жатыр. Балаңыздың бақытты болғанын қалайсыз ба? Ендеше, оны позитивпен өмір сүруге үйретіңіз.
Позитивтілік – керемет қасиет
Бақытты болғысы келмейтін адам жоқ. Кез келген ата-ана баласына бақыт тілейді. Біз баламыздың болашағын болжай алмасақ та, оны жайдары, ақжарқын өмір сүруге үйрете аламыз. Жайдарылық – оптимист адамның басты қасиеті.
Оптимизм дегеніміз адам өзі тап болған уақиғаның арты жақсы болатынына сенуі. Яғни, әр нәрсенің қайыры бар деген сенім. Өмірге позитив көзқарас, болашақтың жақсы болатынына үміттену. Оптимистер қайғы-мұңға берілмейді және әрбір жағдаяттан шығатын жол бар екенін біледі.
Әрине, оптимизмді жөнсіз дарақылықпен шатастырмау керек. Ол не болса соған мәз болу деген сөз емес. Оптимизм – болып жатқан жағдайды шынайы қабылдау, сөйте тұра жақсылыққа сену.
Оптимизм эмоцияңды басқаруға, үрей мен күдік-күмәнға жол бермеуге көмектеседі, ізгі ниетке баулиды. Ол қиын түйткілдерді жеңуге, оның шешімін табуға көмектеседі. Позитив ойлар өміріңді мәнді-мағыналы етеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, позитивті ой жақсылыққа жетелейді.
Позитив ойлаудың пайдасы
Біздің айналамызда: телеэкранда, баспасөзде, интернетте, көшеде негатив көп екені рас. Сондықтан да ақпаратты дұрыс қабылдау, позитив ойлау өте маңызды.
Ғалымдар негатив ойлардан адамның жалпы қал-ахуалы, көңіл-күйі нашарлайтынын айтады. Адам негатив ойлаған сайын үрей мен қорқынышқа беріліп, өзін-өзі азаптайды. Жамандық күтсең жамандыққа тап боласың.
Негатив ойлардың ықпалымен адам ағзасында күйзеліс тудыратын гормондар мен ойды шашыратып, мазасыздық тудыратын нейромедиаторлар пайда болады. Соның салдарынан адам ойын жинақтай алмай, дұрыс шешімін таппайды, өрескел қателіктер жасайды. Сосын барып «Осылай болатынын біліп едім» деп шығады.
Кейбір ата-аналар баланың бойында пессимизм пайда болуына өздері жол береді: «Бітті, енді ауырасың», «Қолыңнан түк келмейді», «Сенің жеңілетініңді біліп тұрмын», т.б.
Позитив ойлау әрбір адам үшін маңызды. Жақсылыққа сенген адамның әрдайым көңіл-күйі көтеріңкі. Ал егер қиын жағдайға тап болса, позитив ойлар оны жеңуге көмектеседі.
Адам табиғатынан жақсылыққа құштар. Кішкентай сәби айналадағы адамның бәріне күлімсірейді емес пе. Олар құлап қалса қайтадан қаз-қаз тұрады, кедергіге қарамастан алға жүреді. Әйтсе де бала есейген сайын ата-аналар асыра сақтандырып, «болмайды», «тиіспе» деп қимыл-қозғалысын шектейді. Егер балаға үнемі тыйым салып, қорқыта берсе ол айналасына, әлемге үреймен қарайтын болады.
Керісінше, бала бірдеңеге өз еңбегімен жетсе, оны үлкендер қолдап-қолпаштаса оның бойында оптимизм пайда болады. Кейбір сәтсіздіктер оның білуге құштарлығын жоймауы тиіс, сондықтан ересектердің қолдауы қажет.
Бала ата-анасынан көргенін қайталайды. Егер анасы мен әкесі табиғатқа тамсанып, әсемдікке құштар болса, баласы да жасыл желек пен гүлге қонған көбелекке қызығып өседі. Ал егер жақын адамдары үнемі ашуланып, ештеңеге риза болмаса, бала да сөйтеді.
Балаларды оптимизмге баулудың жолдары
Қарапайым нәрселерден: әдемі ауа-райы, дәмді тағам, жақын адамдарыңызбен кездесуден ләззат алып үйреніңіз.
• Балаңызбен қарым-қатынаста жақсы көңіл-күйде болыңыз. Баланың іс-әрекетіне қызығушылықпен қараңыз, жетістігіне бірге қуаныңыз.
• Жиі құшақтап, сүйіңіз, сонда бала өзін маңызды сезінеді.
• Баланың өзі жасай алатын нәрсені жасап бермеңіз, сонда ол өзіне сенімді болады.
• Балаңызды талпынысы үшін мақтау керек. Жігерлендіріп, қиын жағдайда көмектесіңіз. Сіз оған сенсеңіз, ол да өзіне сенеді.
• Баланы ешқашан ешкіммен салыстырмаңыз.
• Көп тыйым салмау керек. «Өйтпе, бүйтпе» деген сөзді азайтыңыз. Мәселен, «тәтті жеуге болмайды» дегеннің орнына «тәттіні тамақтан кейін жейсің» деп айтқан жөн.
• Балаға «сенің қолыңнан келеді» деген позитив ұстанымда болыңыз. Қажет жағдайда көмектесетініңізді білдіріңіз. «Адам болмайсың» деп болашағын кеспеңіз.
• Қателігін қабылдап, әрі қарай әрекет ету үшін ынталандырып отырыңыз. Сәтсіздіктің себебін білуге, оны түзетуге тырыссын.
• Балаңыздың жабырқап жүруіне жол бермеңіз, бір нәрсемен айналысып, қарапайым нәрсеге қуанып үйренсін.
• Ата-анасы әлемге қалай қараса, бала да солай қарайды. Позитивті болыңыз, болашаққа сеніммен қараңыз. Сонда сіздің балаңыз да оптимист болып өседі.
Аударған Дина Иманбаева