ГлавноеСпорт

Балалар спортын түгелдей нарыққа көшіру керек – Серік Мамбетов

#АуылФутбол жобасының жетістіктері, ауыл балалары футболының мәселелері мен оны шешудің жолдары жайында бағдарлама жетекшісі, журналист Серік Мамбетовпен сұхбат құрдық.

— Серік Болатұлы, Facebook пен Instagram ауыл командалары мен #АуылФутбол жобасының жетістіктерінен хабардар етіп отыр. Биыл екі ірі турнир өткізген екенсіздер, жоба қатысушылары Қазақстан чемпионы атанды, тіпті Қырғызстандағы халықаралық турнирде топ жарды. Жобаның бағындырып жатқан белестері үшін қуаныштымыз, жалпы бәрі туралы толығырақ айтып берсеңіз.

 

— Қуанышымызда шек жоқ! Ауыл командаларының Қазақстан чемпионатындағы табысы туралы айтып отырсаңыз, бұл – үлкен жетістік. Жыл басында біздің жобамыздың екі командасы қатысып, екеуі де финалға шықты. Одан кейін Ақшұқыр ауылының командасы Бішкектегі турнирдің жеңімпазы атанды.— Құттықтаймын! 

— Рақмет, бірақ алғысқа бапкерлер – Әділет Асанғалиев пен Ербол Мейрамбай және олардың шәкірттері лайық. Өткен жылдың да жетістіктері бар. «ХоумКредит» Банкпен бірге үлкен серіктестік жобаны жүзеге асырдық, 16 команда банктен сыйлық алды. Райымбек ауылының «RedSapsans» командасы Алматы чемпионатында үшінші орын алды. Жобамыздың қатысушылары – бірнеше ауыл командалары облыстық деңгейдегі түрлі турнирлерге қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Ал биыл «RedSapsans» командасы Балалар-жасөспірімдер футбол лигасында ойнап жатыр және әзірге табысты өнер көрсетіп келеді.

— Бұл қалай? Жаттығулардың жаңа әдіснамасының арқасы ма?

— Балалар жүйелі түрде жұміс істеді әрі құлшыныстары жоғары. Ауыл балалары қала балаларымен бір деңгейде бәсекеге түсе алатынын түсінді. Олардың жеңіске жетуге деген талаптары да биік болуы мүмкін. Жақсы инфрақұрылымның болмауы, материалдық-техникалық базаның әлісізді жаттығу процесіне кедергі келтіреді, дегенмен мұнда балалардың физикалық және техникалық қасиеттері мен ерік-жігері бірінші орынға шығады. Бұл жарыстарда маңызды рөл ойнайды.

— Спорт инфрақұрылымының жағдайы қандай?

— Біздің де жағдайымыз еліміздің өзге ауылдарындағыдай. Ештеңе жоқ деуге болады. Ауылдағы мектептің тозығы жеткен алаңы бар. Оған да шүкір. Онда бәрі ойнайды, басқа істермен де шұғылданады. Футбол алаңдарының жыры әзір аяқталмайтын сияқты. Тоқаевтың тапсырмасынан кейін әкімдердің бірнеше жыл бойы салған алаңдары жеткіліксіз. Бұл іспен мемлекет емес, бизнес немесе қоғамдық қызметкерлер айналысуы керек. Мемлекет құрылыс кезінде-ақ олқылыққа жол береді, кейін ол лайықты деңгейде басқарылмайды да, артынша алаң қолдануға келмейтін жағдайға түседі. Елдегі бірқатар алаңдар бұл жағдайды басынан кешірді.

— Неліктен бизнес мұнымен айналысуы керек? Оған бұл керек пе?

— Бизнес мүмкіндік пен даму бар жерге келеді. Мәселен, жерді тегін не ұзақ мерзімге жалға берсе, мұнда бизнес пайда болады. Жарық, газ, су мен жол болса, бизнес келеді. «АртСпорт» мемлекеттік бағдарламасын алайық. Бағдалама қалаларда әйтеуір жұмыс істеп тұр, ауылда ол мүлдем жоқ.

— Неге жоқ? Бағдарламатек қала балалары емес, бәріне бірдей арналған ғой.

— Сайтты ашып қарасақ, спорт қызметтерін ұсынушыларды көреміз. Олар қалаларда, аудан орталықтарында бар, бірақ ауылдарда бірең-сараң. Неге жоқ? Өйткені, бұл бағдарлама бойынша жан басына өткізу үшін қаржыландыру ережелері талаптарын орындау мүмкін емес. Спорт залы, жылы дәретханалар, душ, киім ауыстыру бөлмелері, бейнебақылау, желдету және т.б.

— Бұлардың барлығы балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін қажет қой!

— Әрине, келісемін, мұның барлығы қажет. Расымен, ауыл балаларының қалалықтардан қай жері кем… Бәрі кере болғанымен, олардың ешбірі ауылда жоқ! Ауылда қайдағы спорт залы? Иә, бар, бірақ мектепте. Ал ауылдағы спорт залының жайы қандай? Онда дәретхана, душ, бейнебақылау бар ма? Әрине, жоқ.

— Бұдан шығудың жолы қандай?

— Бұл мәселеден шығатын жол бар. Алдымен кәсіпкерлерге жұмыс істеуге мүмкіндік беріп, одан соң белгілі бір уақыт ішінде инфрақұрылымды Ережеге сай жағдайға келтіруді талап ету керек. Мұны ауыл үшін жасауға болады ғой?! Ауылға көмектесіп, оны дамыту керек деп айтқанымызбен, осындай қарапайым мәселелерді шеше бере алмаймыз. Дәурен Абаев ҚР Мәдениет және спорт министрі болған кезде де осы жағдайды айттым, көмек сұрадым. Бірақ, арқамнан қағып, ешқандай көмек көрсете алмайтындарын айтты. Жаңа мәдениет және спорт министрі ауыл мәселесін жанына жақын қабылдайды деп сенеміз. Оған қоса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инаугурациядағы сөзінде ауыл мәселесі басты назарда болатынын айтқан. Көпшілік бұл сөзді ұмытқан жоқ. Жан басына қаржыландыруға өткізу бағдарламасына қаржы бөлуге қатысты шешім қабылдайтын облыс әкімдері бар. Жақында жаңа спорт қызметтерін ұсынушылар тіркелмейтіні жайында ресми жауап алдық.

— Неге?

— Өйткені, ақша жоқ. Бір қызығы, қаржының жоқтығы – Спорт басқармасының мәселесі емес. Олар тіркеуге міндетті, бірақ қаржы бола ма, балалар мұнда келе ме, жоқ па – мүлдем басқа мәсееле. Облыстық спорт басқармасы бейнесіндегі әкімдік жаңа қызмет ұсынушылардың жұмыс істеуіне білместіктен жол бермей ме, әлде әдейі ме? Монополия жасағысы келе ме? Мұндағы бәсекелестік дұрыс емес. Немесе міндетті түрде «танысың» болуы керек пе?

— Енді не болады?

— Тағы да бір жыл ауылдарымыздағы балалар мемлекеттік бағдарламадан, мемлекет қолдауынан тыс қалады. Спорт секциясындағы сабақты төлеуге кез келген отбасының жағдайы жете бермейді ғой. Біз де олигарх емеспіз. Жалдау ақысын төлеп, бапкерлерге жалақы беруіміз керек, жаттығу жабдықтарын сатып алуымыз қажет. Биыл алғаш рет мемлекеттік грантты жеңіп, 1 млн теңге алып, оған доп сатып алдық.

— Мемлекеттен кішігірім болса да, көмек алдыңыздар. Ендігі жоспар қандай?

— Біз әрі қарай да жан басына қаржыландыруға өткізу бойынша мәселені шешу үшін барлық заңды жолдарды іздестіреміз. Ол неліктен бір балаларға қолжетімді, ал екіншілеріне қолжетімсіз болуы керек? Неге бізде мұндай дискриминация бар?

— Ауыл балалары спортындағы бизнеске қайта оралайық. Бизнес пайда болады деп ойлайсыз ба?

— Сенімдімін. Жергілікті кәсіпкерлер бар, қалалардағы ірі компаниялар бар. Мұндағы бар мәселе – мемлекеттің жағдай жасауында. Бизнес ештеңені тегін сұрамайды ғой. Мемлекет қолдауға ниет білдірсе, мектеп инфрақұрылымына да қаржы құюға әзірміз. Тағы да жан басына қаржыландыру ережелері туралы айтып отырмын.

— Балалар спорты, оның ішінде балалар футболы мемлекетке ғана тәуелді ме?

— Стратегиялық тұрғыдан, иә. Балалар мәселелерімен мемлекет айналысуы керек және ол оған міндетті. Біріншіден, жағдай жасау керек. Ал оның қалай жүзеге асырылатыны басқа мәселе. Осы тұста бизнес керек, өйткені бизнес кез келген саланы қалай дамыту керектігін жақсы біледі.

— Мемлекет нарықтағы белсенді ойыншы емес пе?

— Әрине. Мемлекет барлық жерде. Ол кәсіби спорт клубтарын қаржыландырып, басқаруға тырысып отыр. Бірақ, бұл қолынан келіп жатқан жоқ, оған нәтижелер дәлел. Мемлекетке мұны жасаудың қажеті жоқ. Ол кәсіби спорттан біржолата кетуі керек.

— Яғни, бюджеттен қаржы бөлмеу керек қой?!

— Дәл солай. Мемлекет ересек азаматтарды асырауды тоқтауы керек. Бұнымен нарық айналысқаны жөн. Қандай да бір спортшы нарықта сұранысқа ие болса, оған ешкімнің қарсылығы болмайды. Барлығы жеке кәсіпкерге байланысты. Одан бөлек, мемлекет балалар-жасөспірімдер спорт мектептерін де бизнеске беруі керек деп есептеймін. АртСпорт не ДамуБала жобалары – мемлекеттің қолынан келмейтін жұмысты нарыққа көшірудің оңтайлы жолы.

— Сіздің ұсынысыңыз қандай?

— Барлық балалар-жасөспірім спорт мектептерін (БЖСМ) бизнеске сату! Бірақ олардың балалар тәрбиесімен айналысуын міндетті шарт етіп қою. Бизнес нені, қалай дамыту керектігін жақсы біледі. Өйткені, басқа жағдайда ол спорт мектебін сатып алмайды. Мұнда байқаусыз болмайтыны анық. Барлық спорт мектептері кәсіпкерлер мен жеке спорт клубтарының жетекшілігінде болуы керек, ал ондағы балалар мемлекет есебіне жаттығуы тиіс. 17 жасқа дейін. Ал одан кейін бәрі баланың өзіне байланысты болады.

— Бірақ бұған бәрі қарсы болады ғой…

— Бұған бизнес қарсы болмайды. Өйткені, ол өзінен ақша ұрламайды және оған абырой маңызды. Тек шенеуніктерді ақшадан алшақ ұстау керек. Сауатты, логикалық тұрғыдан дұрыс құрылған, бәріне айқын ойын ережелері мен мемлекеттің қатаң бақылауы қажет. Әрі қарай нарықтың көрінбейтін қолы жұмыс істеп, бәсекелестік бәрін өз орнына қояды. Біз мемлекет көмегінсіз-ақ, жобаны жүргізіп келеміз. Егер жағдай болса, басқалар да бұл іске қарай тартылады деген сөз.

— #АуылФутбол жобасының жоспарлары қандай?

— Жоба бюджеттен қаржыландырылмайтындықтан, ұзақ уақытқа жоспар құру қиын. Нарықпен жұмыс істеп, жобаларымызды ұсынып жатырмыз. Турнирлер, фестивальдер, бағдарламалар, жеке клубтардың қолдауы, бапкерлерге арналған семинарлар мен тренингтер. Мұның барлығына қаражат керек. Жобаның 3,5 жылдық ғұмырында 80-нен астам ауылдық балалар командаларына көмектестік. Форма, жаттығу жабдықтары, 30-дан астам турнир өткізілді. Үшінші жыл қатарынан АуылФутбол Cup турнирін өткізіп келеміз, онда жоба қатысушылары бас қосады. Болашақта осы жұмысты әрі қарай жалғастырамыз және әлеуетті демеушілерімізге ұсыныстарымыздың өміршең екендігін дәлелдей аламыз деп үміттенеміз. Біз серіктес болуды ұсынамыз. Медиа платформаларымызда және серіктестеріміздің ресурстарында әлеуетті жарнама берушілерге тиімді медиа қолдау көрсетеміз. Нарыққа енгенімізге біраз болды, сондықтан біздің спорт жұмыс істеуі керек. Оның ішінде балалар спорты да. Сонда ғана нәтиже болады. Бірақ басты нәтиже – кубоктар мен медальдар емес, еліміздің болашағын қалайтын дені сау жас ұрпақ.

Другие новости

Back to top button