«Баладан бас тартқандарға айыппұл салу керек»: Депутат Қазақстанда асырап алған баланы қайта балалар үйіне жіберетіндердің саны өскенін мәлімдеді
Қазақстанда асырап алынған баланы қайта балалар үйіне қайтару жиілеген. Сенат депутаты Амангелді Толамисов осылай деп мәлімдеді. Сол себепті ол бала асырап алушыларға жауапкершілікті күшейту керек деп есептейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша елімізде бала асырап алғысы келетін ата-аналардың саны азаймағанымен, жеткіншектерді қайтарып беру дерегі жиілеген. Соңғы 5 жылда асырап алынған балаларды балалар үйіне қайтару фактілері 64 пайызға артқанын мәлімдеді. Амангелді Толамисов депутаттық сауалында аталған мәселені жан-жақты баяндап, өз ұсынысын жеткізді.
“Асырап алған баласынан бас тартқан ата-анаға мемлекет тарапынан берілген 75 АЕК көлеміндегі қаражатты мемлекетке кері қайтару, алимент төлеу және екінші рет бала асырап алу мүмкіндігінен айыру сияқты құқықтық жауапкершілік шаралары заңда қарастырылған. Мұндай жағдайлар баланың психикалық денсаулығына қатты әсер етеді. Сонымен қатар балалар еңбегін пайдалану фактілері де тіркелген”,- деді Амангелді Толамисов.
Бала асырап алушыларды 3 жылға дейін толық бақылауында ұстап, арнайы сүйемелдеу жұмыстарын жүргізіп отыратын бала асырап алу ұлттық агенттігі бар. Аталған агенттік аясында ата-аналарға сүйемелдеушілік көмек, психолог, заңгер сынды мамандардың қызметі ұсынылады. Алайда, бұл агенттіктің мүмкіндігі барлық ел аумағын қамтуға әлі жетпейді деп санайды сенат депутаты.
Сол себепті ол бала асырап алуға ниет білдірген азаматтармен жұмыс істейтін орталықтар желісін кеңейту, сонымен қатар әлеуметтік қызметкерлердің санын көбейту қажет екенін айтты.
“Асырап алушылардың асырап алынған баланы қайтаруының құқықтық салдары туралы ақпаратты енгізуді ұсынамыз. Ата-аналарға арналған мамандандырылған мектептер немесе орталықтар желісін кеңейту орынды сияқты. Асырап алынған баланы тастап кеткен тұлғалардың заңды жауапкершілігін, оның ішінде моральдық өтемақы көлемін және басқа да тетіктерді арттыру арқылы күшейту керек»,- деді ұсынысын білдірді депутат.
Бала асырап алушылардың салдары туралы ақпаратты насихаттау да, жағдайды жақсартуға септігін тигізуі керек деп санайды сенатор. Сол себепті ол eGov.kz порталына тиісті ақпаратты енгізуді ұсынып отыр.
“Аталған ақпараттардың қатарына асырап алынған баланы қайтару орын алса, оның заң алдындағы жауапкершілігі туралы ақпарат та енгізілсе. Сонымен қатар бала асырап алушы ата-аналарға арналған арнайы мамандандырылған мектеп немесе орталықтардың жұмысын кеңейту маңызды. Белгілі бір уақыттан кейін асырап алған баладан бас тартқан отбасыларға заң жүзінде жауапкершіліктерін әлі де болса күшейту, моральдық шығын ретінде қомақты мөлшерде айыппұл салу мәселесі қарастырылу керек”, — деді Амангелді Толамисов өз баяндамасында.