Бала күтіміне байланысты ұзартылған жәрдемақы қалай төленеді?
Бұл мүмкіндік жарты миллионға жуық отбасына бұйырады
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы 2023 жылдың қаңтар айына дейін төлем түрін алатын ата-аналарға автоматты түрде тағы 6 айға созылады. Яғни, бала 2022 жылдың 1 қаңтарынан кейін туса беріледі. Жәрдемақы мөлшері қайта қаралмайды, тек мерзімі ғана созылады. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
«Бүгінгі таңда әлеуметтік отбасыларды қолдаудың қолданыстағы моделі мемлекеттік жәрдемақылар мен төлемдердің 6 түрін қамтиды. Ең негізгілерінің бірі — Президенттің жолдауында айтылған бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 1 жастан 1 жарым жасқа дейін ұлғайту. Осы ретте аталған норма жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да қолданылады. 2023 жылдың қаңтар айында жәрдемақы мөлшерін алып отырса, бұл ата-аналарға жәрдемақы созылады. Яғни, бала 01.01.2022 жылдан кейін дүниеге келсе ілігеді. Ал оған дейін туса ала алмайды. Жәрдемақы мөлшері қайта қаралмайды, тек мерзімі ғана созылады. Бұл құқықты шамамен жарты миллионға жуық ата-ана пайдаланатын болады»,-деп мәлімдеді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер әрбір ата-ана оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысты өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшерінің соғұрлым жоғары болатынын білуі тиіс. Бұл төлем бүгінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жүргізілген аударымдарға байланысты. Яғни, табыстың 40 пайызын құрайды. Ал енді жұмыс істемейтін немесе соңғы екі жылдың ішінде соңғы 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналар бұл жәдемақыны мемлекеттік бюджеттен ғана алуға құқылы.
Мемлекеттің тарапынан төленетін жәрдемақы мөлшері 2022 жылы бірінші балаға — 18 317 теңге, екінші балаға — 21 мың 656 теңге, үшінші балаға — 24 мың 963 теңге, төртінші және одан да көп балаларға — 28 мың 302 теңге. Ал мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақы әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысты табыстың 40 пайызын құрайды.