«Бала жерде жатты, үсті қан-қан»: Шерзат сотындағы куәгердің жауабы

Талдықорғанда Шерзат Полаттың ісі бойынша сот процесі бүгін де жалғасты. Бұл жолы да Эльмира Нұрбекова жауап берді. Ол – қанды түні сотталушылармен бірге көлікпен бірге «Қамажай» дүкенінің алдына келген. Қазір ол іс бойынша қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КУӘГЕРДІҢ ЖАУАБЫ
Бүгінгі сот барысында Нұрбекованың тергеу барысында берген жауабы видеода көрсетілді.
Мен «қойыңдар» деп айғайлаған кезде баланы көрдім. Сұр түсті кофта мен қара түсті шалбар киген. Мен қарап тұрып қалған кезде Абзал деген ұрып жатады (пышақ ұстағандай қолын көрсетті). Бел жағына ұрды, ал анау кісі ішпен жерде жатты. Тұрып тұрып ұрды (Абзал). Балаға қарап тұрып, не істерім білмей қалдым. Баланы мен ұстап алып тартқан кезде «қойсаңдаршы» деп тартқан кезде көрдім. Не дерімді білмей қалдым. Содан кейін мені қолымнан кім екенін білмеймін, сол тартып алды. Абзал ма, басқа біреу ме білмедім.Машина жаққа сүйреп апара жатқан кезде алдымда бір әйел кісі жылап, видеоға түсіріп тұрды. Мен ол кісіге «неге видеоға түсіріп жатырсыз, скорийді (жедел жәрдемді) шақырмайсыз ба!» деп айғайладым. Содан кейін мені машинаға отырғызып тастады. Қыстырылысып отырдық. Кімдер отырғанын байқамадым, – дейді жауабында.
Нұрбекова төбелес кезінде өзімен бірге келген жігіттердің бірде-бірінің қолынан пышақ көрмегенін айтады. Десе де сот барысында прокурор Дана Сәрсенбай тергеу барысында куәгердің жауабын есіне салды. “Бізді осы сұраққа қайтып келуге мәжбүрлеп тұрсыз” деді ол.
Сіз сол жерде нақты “бала жерде жатқан болатын, үсті қан-қан болды. Бала ішімен жатқанда арқасынан Абзал қолындағы пышағымен арқа жағынан ұрып жатқанын көрдім” деп нақты жауап бергенсіз. Осы жауабыңызды қолдайсыз ба – деп сұрады прокурор қорғалуға құқығы бар куәгерден.
Эльмира Нұрбекова “мен ол кезде не дегенімді білмеймін. Орыс тілінде, қазақ тілінде айттым. Бізді ары-бері тасыды. Бізді екі күн бойы ұстады. Ұйықтамадық, тамақ ішпедік. Бір кабинеттен екіншісіне апарды. Шынымды айтсам, не дегенімді білмеймін. Үйге тезірек қайтқым келді” деп жауап берді.
Бірақ пышақ болғанын немесе болмағанын (Абзал Шынасылдың қолында) білмеймін. Шынымды айтайын, серт етем – көрген жоқпын. Көрсем айтар едім. Бар қалауым – үйіме қайту болды, – деді ол.
Бұрын жауаптарымен қазіргі жауаптарының қайшылықтарын Эльмира Нұрбекова “шок жағдайында болдым” деп түсіндірмек болды.
Нұрбекованың қорғаушысы Дәулетжан Сыздықбеков судьядан прокурорлардың мұндай сипаттағы сұрауын тоқтатуды өтінді. Сотта екінші прокурор да Нұрбекованың жауаптарында қарама-қайшылық барын атап өткен еді. Ол куәгерге “сіз жауап беретін кезде қылмыстық жауапкершілікте болатыныңыз жөнінде ескертілдіңіз” деп айтты. Судья прокурорларға “қарама-қайшылық болса, оны сотқа дейін жою керек еді” деп ескертті.
Сот барысында Эльмира Нұрбекова “төбелес кезінде мылтық алып шығып атқан Нұрқанат Ғайыпбаев (Шерзат Полаттың ағасы) екенін” айтты.
Эльмира Нұрбекова өткен аптада да сот кезінде тергеуде берген жауабынан бөлек шатаса жауап берген еді.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
Өткен аптада Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі қалай өткенін мына екі сілтемеден көруге болады.