Backstreet Boys концертіне билеттер сатылымға шықпай жатып, желіде алыпсатарлар пайда болды

21 қыркүйекте елордада алғаш рет өнер көрсететін Backstreet Boys тобының концертіне билеттер 14 шілдеде сатылымға шықты. Алайда көрермендер әлеуметтік желіде билет сатып алу кезінде бірқатар қиындыққа тап болғанын жарыса жазып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Билеттер сату 14 шілде күні сағат 12:00-де басталды.
Ал 15 шілдеден бастап билеттер Ticketon.kz сайтында сатылады. Онда төлем жасаудың 10 түрлі тәсілі бар, оның ішінде бөліп төлеу мүмкіндігі де қарастырылған.
Желі қолданушыларының жазуынша, карталарынан қаражат шешілген, бірақ билетті растайтын электронды құжат немесе QR-код келмеген. Кейбірі тіпті бірнеше мәрте әрекет етіп, әр жолы бірдей жағдайға тап болғанын айтады.
«Ақша алынды, бірақ ешқандай растау не электронды билет келген жоқ. Байланыс орталығына хабарласу мүмкін емес», – деп жазды пайдаланушылардың бірі.
Ал қалған сатып алушылар билет сатып алу мәзіріне өте алмай жатқанын айтқан. Дегенмен Ticketon.kz сайты билет сатып алғандардың ақшасын кері қайтарып берген.
Сол екі ортада билет сатып алғандар оны OLX сайтында саудаға шығарып үлгеріпті.
Айта кетейік, бұл – Backstreet Boys тобының Қазақстандағы алғашқы концерті, сондықтан ел ішінде бұл жаңалық үлкен қызығушылық тудырып отыр. Концерттің ерекшелігі – ақ түсті дресс-код. Ұйымдастырушылар қазақстандық көрермендерді осы әлемдік үрдіске қосылып, ақ киім киіп, сүйікті хиттермен бірге 2000-жылдардың атмосферасына енуге шақырады.