Главное

Азамат Сатыбалды Дархан Сатыбалдының бауыры ма? – актердің өзі жауап берді

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актері, кино актері Азамат Сатыбалды Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдымен туыстық қатынасы жоқ екенін мәлімдеп, көрермендерінің көкейіндегі сұраққа нүкте қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматыда премьерасы өткен «Зулейха көзін ашады» спекталі Астанада да қойылды. Осыған байланысты спектакльде басты рөлдерді ойнаған Салтанат Бақаева мен Азамат Сатыбалды, сондай-ақ, спектакльдің режиссері Әлібек Өмірбекұлы журналист Динара Сәтжанның кешкі шоуына келіп, сұхбат берген.

Спектакльді театр және кино актрисасы Салтанат Бақаева қойғысы келген. Режиссер мен Азамат Сатыбалдыға өзі ұсыныс жасап, қойылымды өзі қаржыландырған.

«Мен неше жыл бойы сахнада тек кино актрисасы және әнші ретінде танылдым. Бірақ, мен 16 жылдан бері Әуезов атындағы театрда жұмыс істеймін. Әрине, менің қателігім – театрдағы жұмысымды көрсетпегенім. Бірақ, қазір жүрегімнің қалауы театр екенін түсіндім», — дейді Салтанат Бақаева.

Динара Сәтжанның айтуынша, актриса осы жылдар ішінде той-бизнес пен шоу-бизнестен тапқан ақшасын осы спектакльге салған.

Ал, Азамат Сатыбалды болса бірнеше ай бұрын жаңа бағытта даму үшін Еуропаға кеткелі жатқан екен.

«Әйеліме «мен өз-өзімді таңғалдыра алмасам, көрермен де менен жалыққан» деп жаңа бағыт іздедім. Осылайша, еуропада білім аламын деп кеткеліт жатқамын. Салтанат телефон шалғанда «режиссер кім?» деп қана сұрадым. Әлібек екенін естігенде «бес минут ойланып алайын» деп, бес минуттың ішінде Зулейха кітабы туралы ақпарат алдым да «келістім» дедім. Еуропа жайында қалды», — дейді актер.

Динара Сәтжан шоу аясында келген қонақтарына әзіл-шыны аралас сұрақ қойып, оларды әртүрлі образға салып, елестетеді. Бұл жолы ол Азамат Сатыбалдының шенеунік болғанын еске салып, болашақта тағы да шенді қызметтердің біріне баруы мүмкін деген әзілін айтты. Әзілінің астары ретінде Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының атын пайдаланған.

«Біз командамен Азаматқа тағы бір қызмет туралы ұсыныс жасаса, ол қандай қызмет болуы мүмкін екенін және Азамат келіссе, қандай образда болатынын елестетіп көрдік» деген Динара Сәтжан оны Алматы қаласының әкімдігіндегі лауазымды міндетпен байланыстырды.

«Азамат Сатыбалды. Қазір Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды. Мүмкін ол сізді әкімнің орынбасары етіп немесе мәдениет басқармасының басшысы етіп тағайындайтын шығар. Мүмкін, туыс шығарсыздар», — деп қалжыңдады Динара Сәтжан.

Күлкіге қарық болған Азамат Сатыбалды реті келгенде Дархан Сатыбалдымен туыс емес екенін айтып, таныстары қоятын сұрақтарға нүкте қойды.

«Менің негізі ол кісіге қатысым жоқ. Дархан Сатыбалды әкім болғанда маған өте көп адам хат жазды. «Сіздің ағаңыз ба, кім бұл?» деп сұрай берді. Жоқ, ешқандай қатысым жоқ. Иә, Қазақстанда Сатыбалдылар өте аз. Бірақ әрқайсысы өз саласында мықты», — деп күлдірді Азамат Сатыбалды.

Другие новости

Back to top button