Культура

Австрияда қазақ тілін үйренуге қызығушылық артты

Вена жүрегінде орналасқан «Edustream» тіл мектебінде Австриядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен қазақ тілі курсы және кітапхана ашылды. Бастапқыда мақсат, түрлі себеппен Австрияда тұратын қазақстандық балаларды қолдау болған. Алайда ерікті педагогтар жүргізетін тегін курсқа күтпеген жерде тамыры қазақ деген 19 ғасырдан бері көшіп кеткен бауырлар да келе бастады. Көбінің қаны араласып, есімі қытайша, түрікше болғанмен, олар қанша жерден жырақта, елден елге көшіп жүрсе де, қан тартып тұрады.

— Олардың тіл деңгейі әртүрлі болғанмен, қызығушылығы зор. Кейбір оқушылар қазақ тілін генетикалық тұрғыда ұмытса да, бар ынтасымен оқиды, сол арқылы түпкі тамырын тапқысы келеді, — дейді ұстаздары Анар Әділбекова, — Негізі, біз кәсіби педагог емеспіз, біз еліміз бен дәстүріміздің дамуына үлес қосуды көздеген қарапайым еріктіміз. Сабағымызда “Тіл Қазына” ғылыми орталығының әдістемесі мен оқулығын қолданамыз. Тіл үйренемін деген адамға қазір оқу алаңы, сайт, арна, қосымша дегеннің түрі көп, біз солардың бәрін сабақта қолдана отырып музыка тыңдаймыз, кітап оқимыз. Болашақта оқушыларымыз қазақтың көрнекті жазушылары мен ақындарының тамаша туындыларын тамсана оқи алатындай қазақшаны жетік меңгереді деп үміттенемін.

Барлық оқушы неміс тілінде сөйлейді, сондықтан дәріс немісше жүреді. «Edu Stream» мектебі сабақпен қатар Қазақстанның барлық мерекесін белсенді түрде атап өтеді. Бұл да өз кезегінде салтымыз бен дәстүрімізді насихаттаудың бір жолы. Австриядағы дипломаттарымыз оқу орталығын үнемі қолдап тұрады. Енді қазақ тіліне Еуропаның өзге елінде тұратын этникалық қазақтар қызығушылық танытқандықтан, бұл курсты жалпы еуропалық сабаққа айналдыру жоспарда бар.

Другие новости

Back to top button