Мангистауская область

Ауызсу және ыстық су проблемасы туындаған Ақтауда шенеуніктер сөгіс алды

Ақтау қаласында ыстық судың өшірілуіне және ауызсу берудің шектелуіне байланысты бірнеше лауазымды тұлғаға сөгіс жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтауда орталықтан келетін ауызсу қысымы төмендетілгенін бұған дейін жазған болатынбыз. Кейін қалаға ыстық су беру тоқтатылды. Қала әкімі Ербол Ізбергенов оның себебі ретінде МАЭК электр станциясы қондырғыларының ескіруіне байланысты жасалып жатқан жөндеу жұмыстарын атады.

Кеше Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қаланы жылу және ауызсумен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өткізді.

Өңір басшысы тұшыту қондырғысын жөндеуге байланысты ауызсу қысымы төмендеген «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

«Жағдайға нақты талдау жасалуы керек, сондықтан жауапты тұлғаларға МАЭК кәсіпорнының жұмысын күнделікті бақылауға алуды тапсырамын.

Ыстық су беруді тоқтатудың себебі нақты неде екенін тұрғындар білуі керек. Тұрғындар артық сұрақ қойып, мазаны алмаса екен деп, «ыстық суды бүгін береміз немесе ертең таңертең береміз» деп бос уәде берудің қажеті жоқ. Кез келген мәселеге атүсті қарамай кешенді әрі жан-жақты қарастырған дұрыс. Бұл жағдай коммуналдық қызметтер мен уәкілетті органдардың жұмысындағы үйлестірудің нашарлығынан орын алып отыр», — деді Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаровқа, қала әкімі Ербол Ізбергеновке, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевқа, «МАЭК» ЖШС бас директоры Талғат Есентүгеловке және оның орынбасары Мұрат Иғалиевке сөгіс жариялады.

Мәлім етілгендей, 30 қараша күні Ақтауда ыстық суды тұтыну артқан, онымен қоса ахуалға аязды күн райы кері әсерін тигізген. Осыған байланысты резервуарлардағы су деңгейі күрт төмендеген.

 

«Кәсіпорын басшылығы резервуарлардағы су деңгейін төмендету туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты Ақтауға ыстық су беру шектелді.

 

Қаланы жылумен іркіліссіз қамтамасыз ету үшін ыстық су беруді уақытша шектеу шешімі қабылданды. Қазіргі уақытта мәселені шешуге барлық күштер жұмылдырылды», — делінген әкімдік мәліметінде.

 

 

Другие новости

Back to top button