Ауыз су жетпейді, жалдамалы пәтер қымбаттаған: Су тасқынынан зардап шеккен петропавлдықтар аймақтағы ахуал туралы айтты
Петропавл халқы тасқын басталғалы тіршілік нәрінен тарығып отыр. Өйткені уақытша қосылған көлдің суын ішу мүмкін емес дейді тұрғындар. Сондықтан жұрт таза ауыз су іздеп, тегін суға сағаттап кезекке тұрады. Ал эвакуациялық орталықтарда бала-шағамен жату өте ыңғайсыз, отбасылар пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Осы сәтті пайдаланған жалдамалы баспана иелері бағаны да қымбаттатып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Тасқын басталғалы қала жұрты бір тамшы таза ауыз су таппай жүр. Еліміздің өзге өңірлерінен гуманитарлық көмек ретінде жеткізіліп, тегін таратылып жатқан тіршілік нәріне де талас көп. Көбі сағаттап кезекке тұрып, бос кетеміз деп қынжылады. Ал дүкен сөрелерінен су табу тіптен қиын.
“Қартайған жаста таза судан тарығамыз деп ойлаған жоқ едім. Су үшін ұзын-сонар кезек. Ал көп дүкенде сатылымда жоқ. Сағаттап күтіп, су ала алмай кететін кездер де болады”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Зоя Михаиленко.
Мамандар көлден тартқан суды ішу мүмкін емес деп отыр.
Апта басынан бері қала мектептері түгел онлайн оқуға көшіп, білім ошақтары эвакуациялық орталықтарға айналған. Баспаналарын су басқаннан кейін баратын жері жоқ халық спорт залдарда түнеп жүр. Бірақ мектепте бала-шағамен жату өте ыңғайсыз дейді халық. Сондықтан кейбірі соңғы ақшасын беріп, пәтер жалдауға мәжбүр болған. Ал оның бағасы екі есеге дейін қымбаттап кеткен.
“Бір бөлмелі пәтерлер 70 мың тұратын. Енді біз оны 130 мың теңгеге жалдап тұруға тура келеді. Сұраныс көп болған соң қымбаттатып жіберді. Бәрі ақша тауып қалғысы келеді. Ел қиналғанда олай істеуге болмайды ғой. Бағаны қадағалайтын тірі жан жоқ”, – деп ашынды қала тұрғындарының бірі Влад Ващенко.
Бірақ төтенше жағдай департаменті өкілдері краннан ағатын суды қайнатып ішу қауіпсіз дейді. Ал құқық қорғау органдары төтенше жағдай режимін пайдаланып бағаны өсіріп жіберген кәсіпкерлер жауапқа тартылатынын ескертті.
“Үйдегі судың сапасы мүлдем нашар деуге келмейді. Ал бағаның өсуі бойынша құқық қорғау органдары жұмыс істейді. Қандай да бір заңбұзушылық анықталса жауапкершілікке тартылуы мүмкін”, – деді СҚО төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Сәкен Ағзамов.
Солтүстікте су басқан үйлердің саны үш мыңға жуықтады. Қауіпті аумақтардан он мыңнан астам адам қауіпсіз орынға көшірілген. Петропавл қаласы мен 6 ауданда төтенше жағдай режимі жарияланған еді. Қазір мамандар тасқынның екінші толқынына тосқауыл болу жұмыстарына кірісті.
Бұған дейін Петропавлда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға төленетін әлеуметтік төлемдерді 200 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін төмендету туралы жасырын шешім қабылданғанын жазған едік.