Спорт

Ауыр операция, ағзасына түскен инфекция: әйгілі Пеле бойындағы дертімен 20 жыл күрескен

Azattyq Ruhy тілшісі аты аңызға айналған әйгілі футболшы, миллиондардың кумирі Пеленің жетістігі мен өмірі жайлы қызықты деректерге, сол сияқты денсаулығына қатысты мәліметтерге шолып жасап шықты.

Пелені футбол тарихындағы №1 ойыншы деп атауға болады. Спорттық мансабын 70-жылдары аяқтаса да, қайтыс боларына дейін аңыз болып қалды, қала беретінене де күмән жоқ.

Пеленің шын есімі – Эдсон Арантес ду Нассименто. «Пеле» – лақап аты, футболшыға бала кезінде берілген, мәліметтерге жүгінсек оның мағынасын өзі де білмейді екен. Ол бразилиялық Минас-Жерайс штатының Трес-Корасойнс шағын қаласында дүниеге келген.

Пеле Сан-Паулу штатындағы Бауруда кедейлікте өседі. Шай дүкендерінде көмекші ретінде жұмыс істеп, қосымша ақша тапқан. Футболмен шұғылдануына жағдайы болмаған, доптың орнына газетпен және жіппен байланған шұлықпен немесе грейпфрутпен ойнаған.

Жас кезінде ол бірнеше әуесқой командада ойнады. Оның ішінде Sete De Setembro, Canto do Rio, Sao Paulo және Amériquinha командалары бар.

Аты аңызға айналған футболшы небәрі 17 жасында алғашқы әлем чемпионатына қатысты.

Ол бразилиялық «Сантос», америкалық «Нью-Йорк Космос» және Бразилия құрамасында өнер көрсетуімен жұртшылықтың есінде қалды. Дегенмен карьерасының басым бөлігін (1957-1974) Сантоста өткізді.

Атақты «Маракана» стадионында «Сантос» пен «Васко да Гама» кездесуінде Пеле өзінің 1000-голын соғады. Осыған байланысты Бразилияның байланыс министрі пошта маркасын шығарады. Бразилия халқы әлі күнге дейін 19 қарашаны «Пеле күні» ретінде тойлайды. Осылайша 1969 жылдың 19 қарашасы Бразилия футболының тарихына енді.

Пеле – үш дүркін әлем чемпионы (1958, 1962 және 1970  жылдары) атанған жалғыз футболшы. 1970 жылғы әлем чемпионатында үздік ойыншы атағына ие болған. Сол сияқты ол төрт әлем чемпионатына қатысқан. 1999 жылы ХОК бразилиялықты ХХ ғасырдың спортшысы деп таныды. Бразилиялық футболшы World Soccer, France Football, Guerin Sportivo, Placar журналдарының тұжырымы бойынша XX ғасырдағы футболшылардың арасында бірінші орында тұр.

Пеле кәсіби карьерасында 1363 матчта 1281 гол соқты, оның ішінде «Сантос» сапында 1116 ойында 1091 гол және ұлттық құрамада 92 матчта 77 гол соққан. Бұл – әлемдік рекорд.

Пеленің денсаулығы алғаш рет 2002 жылы сыр бере бастады. Йод аллергиясына байланысты ауруханада жатты. Бұл жоспарлы компьютерлік томографияға барғаннан кейін анықталған. Ауруханадан шыққан соң Пеле «кеудемде әлі екі жүрегім соғып тұр, мен үш жүрегі бар адаммын ғой» деген сөзі жұртшылықтың есінде қалды.

2020 жылы Диего Марадона қайтыс болғанда Пеле «досыңды жоғалтқан өте қиын екен, күндердің күнінде біз аспан әлемінде бірге футбол ойнаймыз» деп айтқан еді.

2015 жылы Пелеге ауыр операция жасалды. 2019 жылы оның ішкі ағзаларына ауыр инфекция тарап, аяқтарында жамбас протезі және тізесінің жағдайы ушыға түсті. Бойындағы дертімен ұзақ уақыт күрескен Пеле 30 желтоқсанда дүниеден озды.

Другие новости

Back to top button