Ауыр жүк көліктері тексерілді

Тасжолдардың тез тозуына ауыр жүк көліктерінің де әсері бар. Сондықтан қала көшелерінде жүкті шамадан тыс тиеп алатын көліктерді анықтап, оларға шара қолдану қажет. Жолдың мерзімінен бұрын бүлінуінің 30%-дай жағдайы ауыр жүк көліктеріне байланысты дейді мамандар.
Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Алматы филиалының өкілдері Көліктік бақылау комитетімен бірлесіп жол бойында тексеру жүргізді. Қос мекеме қызметкерлері жүк тиеген көліктерді тоқтатып, оларды арнайы салмақ өлшеуішпен тексерді.
«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүк көлігінің әр білігіне түсетін салмақ 8 тоннадан аспауы керек. Алайда, кейбір жүргізушілер көліктің жүк салатын қорабынан 35-40 тоннаға дейін құрылыс материалын тиеп алады. Жолда жүк тасу ережелерін сақтамаған көлік жүргізушілеріне әкімшілік хаттама рәсімделмек», — дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы филиалының инженері Дәурен Қажмұқанов.
Алматы қаласында аталған ауыр жүк көліктерін үнемі бақылауда ұстау да күрделі жағдай екен. Себебі Көлік комитетінің инспекторлары жүк көліктерін арнайы орындарда, полиция бекеттерінде ғана тоқтатып, тексере алады. Екіншіден, тексеріс жүріп жатқан орынды жүк көліктерінің жүргізушілері бір-біріне жедел хабарлап, ол орынды айналып өтуге тырысады екен. Алайда талапты бұзған жүргізушілерге айыппұл ауыр, жаза қатаң дейді мамандар. Мұндай тексерістер жыл бойы жалғаса бермек.