Ауыр жүк көліктері Алматы жолдарына кері әсер етуде
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Алматы қалалық филиалының қызметкерлері Көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп ауыр жүк көліктерін тексеруді жалғастыруда.
Әсіресе, инспекторлар шетелдік тіркеудегі ауыр көліктерді ерекше бақылауға алған. Жыл басынан бері бесінші мәрте ұйымдастырылған арнайы іс-шарада жүк көліктерінің жүргізушілеріне қатысты бірнеше хаттама толтырылды. Себебі көптонналық көліктер қала көшелеріне едәуір зиян келтіреді дейді мамандар.
Алматы қаласында 3 000 шақырымнан астам жолға асфальт жабындысы төселген. Алайда жүк көліктері қозғалысының жиілеуіне байланысты жаңа жолдардың өзі ұзақ уақытқа шыдас бермей, тозып жатыр.
Айта кетейік, елімізде 80 мыңнан астам ауыр жүк көлігі тіркелген, оның ішінде 42 500-дей көлік Алматы қаласында есепте тұр. Алайда шетелден келіп, ел аумағынан өтетін жүк көліктерінің нақты есебі белгісіз. Республика бойынша жүк көліктерінің жартысынан астамы Алматыда тіркелгендіктен, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» қызметкерлері Көлік инспекциясымен бірігіп қалада тексеру жұмыстарын жиі жүргізеді.
Көліктік бақылау инспекциясы ұсынған деректері бойынша ауыр жүк көліктерін тексеру былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе аз болған. 2023 жылдың алғашқы алты айында ауыр жүк көліктеріне қатысты 70 хаттама толтырылып, 21,6 миллион теңгеге айыппұл салынған.
ЖАҰСО Алматы қалалық филиалының инженері Айдар Серікұлының айтуынша, жолдың 90%-ы жүк көліктері қозғалысынан тозған. Себебі жүк көліктері жүкті нормадан асырып тиеген, арасында салмағы 50-60 тонна болатын техниканы тасымалдағаны да бар. Соның салдарынан жаңа жол үш жылға жетпей тозады. Сол себепті хаттаманың басым бөлігі жүкті рұқсат етілген нормадан асырған көлік жүргізушілеріне толтырылады екен.