Выбор редакцииСпорт

АуылФутбол УЕФА деңгейіне қалай жетпек?

Жер жүзінде футболға  қызықпайтын адам жоқ шығар. Ең көп жанкүйерлер қатары да осы спорт  түрінде . Төрткүл әлем көз тіккен футбол ойынының сиқыры адамзат баласын күн өткен сайын таңдандыруда. Өзге мемлекеттерде де осы спорт түріне көп көңіл бөлініп, оны дамыту жолдары жүзеге асырылып жатыр. Қазақстандағы футболдың жай-күйі әлем елдерімен тең дәрежеде салыстыруға келмесе де, соның жолында еңбек етіп жатқан адамдар баршылық. Қазақ футболына үлес қосу тек мемлекет деңгейінде жасалатын іс емес. Ол әрбір баланың арманын орындауға себеп болып, кіші істерден үлкен нәтижеге жетуге ұмтылу.Ауыл балалары үшін жауапты істі қолға алып, өз жұмысын бастап, төрт жылда ауқымы кеңейген #Ауыл Футбол жобасы қазақ футболының дамуының бір көрінісі десек болады.

Серік Мәмбетов. Футбол алаңында, 2022ж., Алматы обл.

Алматы облысының тұрғыны, журналист және активист Серік Болатұлы Мәмбетов мырза футболмен айналысқысы келетін балалардан  ко­манда жасақтап, жаттығуына, жа­рыстарға қатысуына, бір сөзбен айтқанда, ауыл футболын дамыту мақсатында республикалық #АуылФутбол жобасын жүзеге асырған. Бүгінде бұл жоба аясында  өзге облыстардағы ауылдардан құралған командалар да біршама демеушілікке ие болып, турнирлерге қатысып белсенді атсалсысуда. Қазіргі таңда 13 облыстың өкілдері жобаның мүшесі.

Жобаның қарқынды жұмыс жасауы қаржыны қажет ететіні сөзсіз. Жуырда аталған жобаға «Ха­лық» қайырымдылық қоры көмек қолын созып, екіжақ­ты меморандумға қол қойды. Бас демеушілермен бірлесіп 100 ауылдың балалар футбол коман­дасына жаттығу жабдық­тарын сатып алуға жәрдемдесуді, ауыл командалары арасында 17 облыстық турнир және рес­публикалық деңгейде финалдық турнир өткізуді, 100 ауыл жат­тықтырушысын УЕФА-ның «D» санаты бойынша оқыту, сон­дай-ақ Алматы облысы құ­рама командаларының оқу-жат­тығу үдерісін және олардың бедел­ді жарыстарға қатысуын қам­тамасыз ету жоспарланған.  Он екі айда жүзеге асатын жұмыс жоспар аясында 3 мыңнан аса ауыл баласын қамту көзделген.

#АуылФутбол жобасының мүшесі, 2023ж., «Halyk Open Cup» турнирі

Ауыл балаларын жаттықтырып жүрген тренерлер жалпы денешынықтыру мамандығын оқыған, мектепте осы пәннен сабақ беретін мұғалімдер. Олардың балалаларды футболмен жаттықтыруға толыққанды білімі мен тәжірибесі жеткіліксіз. Сондықтан тренерлердің осы тұсын жетілдіру #АуылФутбол жобасының негізгі міндеті. Себебі болашақ футбол жұлдыздарының ауыл футболынан жоғары деңгейде жаттығып үйренуі жемісті нәтиже бермек.

Дайындық деңгейіне және оқу ұзақтығына байланысты футбол жаттықтырушыларының категориялары  D, C, B, A және А PRO санаты болып бөлінеді.  «D» санаты – ең бірінші қадам. Мұндай лицензияны алғаннан кейін футболдан кәсіби жаттықтырушысы атанып, балалар мен жасөспірімдер командаларында жұмыс істеуге толық рұқсат алады.

UEFA-НЫҢ D САНАТЫ БОЙЫНША ОҚЫТЫЛҒАН АУЫЛ ЖАТТЫҚТЫРУШЫЛАРЫ СЕРТИФИКАТ АЛУ САЛТАНАТЫ. 2023ж. Алматы қ.

Осы мақсатта Алматыда #АуылФутбол жобасы аясында UEFA-ның D санаты бойынша жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру курсы өтті.   Жобаның бас демеушісі — «Халық» қайырымдылық қоры. Бірінші лекте Ақмола, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстарынан 20 тренер қатысты. Екі күнге жоспарланған біліктілік курсы аясында жаттықтырушыларға салаға маманданған профессорлар мен кәсіби тренерлер теориялық біліммен қатар оны практикада қолдану әдістерін үйретті.

«Жақында біздің #АуылФутбол жобасын қолдаған «Халық» қайырымдылық қорымен мемарандумға қол қойдық.  Ауыл тренерлеріне   өтіп жатқан семинарымыз соның нәтижесі. Негізгі мақсатымыз — ауыл командалары тренерлерінің біліктілігін арттыру. Көп жағдайда ауылдағы тренерлерге білім, яғни конфиденция, квалификация жетіспейді. Сондықтан біз осыны қолға алып тренерлердің деңгейін көтеру арқылы, балалардың жаттығу процесіне көмектесуді көздеп отырмыз. Бұл балаларға да, тренерлерге де жақсы әсер береді деген ойдамыз» — дейді #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов.

Алдағы жоспар бойынша екінші және үшінші лекті курсты өткізу Батыс Қазақстан және Қызылорда қаласында деп күтілуде. Жоғарыда айтып өткендей 100 ауыл тренері біліктілік курсынан өтеді.

«Бұл біліктілік курсы бойынша тренерлер балаларды жаттықтыруды ұйымдастыруды, және жаттықтыру барысы неден тұратынын, қандай бөліктерге бөлінетінін, қандай жаттығулар таңдау керегін үйреніп, оны өз клубтарына барып жүзеге асырады», — дейді тренерлер курсының жетекшісі  Ерлан Адамбеков.

Бұдан өзге #АуылФутбол жобасы аясында келер жылы 17 жарыс өткізіледі деп жоспарлануда.

Маратбаев Амир — Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жібек жолы ауылдық округінің «Ақ барыс» футбол клубының тренері 

«Алматы қаласында «Халық» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен UEFA-ның D санаты бойынша категориялық сертификатын алдық. Бұл жаттығу жиыны екі күнге созылды. Өте жоғары деңгейде өтті. Мықты, білікті мамандар келіп тәжірибесімен бөлісіп оқу-жаттығу теориялық және практикалық түрінде сабақ жүргізді. Көптеген жаңа дүниелер үйрендік. Алдағы уақытта өзім жаттықтыратын балаларға толықтай осы білім негізінде жұмыс істейтін боламын. «Халық» қайырымдылық қоры мен #АуылФутбол жобасына осындай мүмкіндік бергеніне рахмет айтқым келеді»,- дейді Маратбаев Амир.

Жумалиев Бақытжан — Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Жаңабазар ауылының футбол клубының тренері 

Келесі оқыту маусымы қаңтар айына белгіленген.

Айта кетейік, қараша айында #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов мен «Халық» қайырымдылық қоры Алматы облысы бойынша филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов елде мекендерде футболды дамытуға арналған ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Жоғарыда аталған шаралар осы меморандум аясында «Халық» қайырымдылық қорының қолдауымен ұйымдастырылуда.

Мәдина Сарбалаева, Матрица.kz

Другие новости

Back to top button