Ауылдардың әкімі әйел болса, оларды су баспайтын еді деп ойлаймын — депутат Жұлдыз Сүлейменова
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейсменова Роза Әшірбековаға берген сұхбатында биліктегі гендерлік мәселені көтерген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
«Ақтөбе облысында біраз жерде әкімдерді халық өзі сайлап жатыр. Аудан, ауыл әкімдеріне сайлау өтіп жатыр. Нұра ауданының әкімі сайланса да, халық оны әлі көрмеген екен және сондай шағым айтып жатыр. Бірақ мен халыққа «әкімді өздеріңіз сайлаған соң, әкімнің жұмыс істеуіне қоғамдық бақылау орнатыңыздар» деймін. Ешкім Мәжілістен келіп әкімдердің жұмыс істеуіне ықпал ете алмайды. Су тасқыны болғанда суға кеткен ауылдан кетіп қалған әкімді қандай әкім деуге болады? Өйткені, ол сайлауға өзі түсті, ешкім міндеттеген жоқ»,- дейді депутат.
Осы ретте мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова ауылдарды әйел әкім басқарса олардың көбі суға кетпейтін еді деген жеке пікірін айтты.
«Ауылда әйел әкім жоқ деп жатыр. Менің ойымша, келесі жолы халық әйел адамға дауыс береді. Себебі әйелдердің жауапкершілігі мүлдем басқа. Олар миссияны басқаша түсінеді. Ол ауылдардың әкімі әйел болса, суға кетпеуі де мүмкін еді. Бұл менің ойым, сіздер қабылдамасаңыздар да болады. Әкім әйел болса, 30 күн бұрын дайындалып, ұйымдарға барып, дамбы салғызып, халыққа айтып, әйтеуір ерте әрекет ететін еді. Халық алдағы сайлауға жауапкершілікпен келуі керек. Әкімнің құзыреттілігіне тек халық береді», — дейді Жұлдыз Сүлейменова.