Госорганы

Ауыл шаруашылығында санақ жүргізіледі –Үкімет отырысы

Премьер-Министр Әлихан Смайылов елде ауыл шаруашылығы санағын жүргізуді, оған дайындықты биыл бастау керегін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

«Ауыл шаруашылығы көрсеткіштерін қалыптастыру әдістемесі бойынша да шешілмеген сұрақтар бар. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ақпараты бойынша ресми дереккөздердегі мәліметтерде орта есеппен 20% алшақтық бар. Дәл осы мәселені шешу үшін ауыл шаруашылығында санақ жүргізілуі керек», — деді Премьер-Министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, Қазақстанда жүн мен былғары өңдеу саласын дамытуда айтарлықтай әлеует бар. Бірақ жоғары қайта өңделген өнім шығарудың орнына шикізат төмен бағамен экспортталып жатыр.

«Бұл – күрделі проблема. Оларды шешу үшін жүйелі тәсілдер керек. Жергілікті атқарушы органдар ауыспалы егістегі, ең алдымен, суармалы жерлердегі жем-шөп дақылдарының үлесін кеңейтуі қажет. Жайылым жерлердің өнімділігін арттыру керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі озық халықаралық тәжірибені, оның ішінде цифрландыруды ескере отырып, ветеринария жүйесін реформалаудың жол картасын әзірлеуі керек», – деді Ә. Смайылов.

Сонымен бірге Ауыл шаруашылығы министрлігіне Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттікпен бірге ауыл шаруашылығында санақ жүргізу, оның ішінде ақпараттық жүйелерді жаңғырту жөніндегі жол картасын әзірлеу тапсырылды.

«Санаққа дайындық жұмыстарын биыл бастау керек», – деді Премьер-Министр.

Другие новости

Back to top button