Госорганы

Ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын шаруаларды салықтан босату керек – депутат

Қарақат Әбден ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтан босату керек екенін айтты

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын азайтып, отандық тауарлардың көлемін арттыру үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салық пен төлемнің барлық түрінен босату керек. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдаған Қарақат Әбден мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ауыл ежелден-ақ халқымыздың ұйытқысы, ырыстың бастауы болып саналады. Қазақтың қасиетті құт мекені – ауылдың қазіргі жағдайы айтпаса да түсінікті. Онсыз да саны жыл сайын азайып жатқан ауылдарымыз қаңырап қалмасын десек ауыл шаруашылығының дамуына баса көңіл бөлуіміз қажет. Ауыл жағдайы құлдыраса, қазақтың да жағдайы мүшкіл болмақ. Осы орайда ауыл шаруашылығын дамытудың бірден-бір жолы – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсету. Мұның барлығы түптеп келгенде еліміздегі ең өзекті мәселелердің бірі – азық-түлік тауарларының қымбаттауына әкеп отыр», — дейді Қарақат Әбден.

Депутаттың пайымынша,  азық-түлік инфляциясын тежеп, импортқа тәуелді болмас үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын шаруаларға нақты қолдау көрсету керек.

«Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтар мен төлемдердің барлық түрінен босату. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімін шығару, қайта өңдеу, өткізу, экспорттау, импорттау бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан да босату. Осыған байланысты салықтың екі түрлі қызметі бар екенін еске салғым келеді. Оның бірі фискалды болса, екіншісі – ынталандырушы. Көп жағдайда ынталандырушы қызмет ескерусіз қалады. Ал оның басты мақсаты – ел экономикасын дамыту», — дейді Қарақат Әбден.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретіндерді салықтан босатсақ, «ел бюджеті оны көтере алатын» қауқарда.

«Бірқатар дәйекті мысалға келтіруге болады. Мәселен, еліміздің тұтас ауылшаруашылық саласы, соның ішінде ірі агрохолдингтер барлық салықты қоса алғанда, жылына шамамен бар-жоғы 50 млрд теңге салық төлейді. Бұл еліміздің бюджетіне түсетін барлық салық түсімдерінің 0,5 пайызына да жетпейді. Біздің ойымызша, ел экономикасы мұндай салық жетіспеушілігін көтере алады», — деді сауалын түйіндеген Қарақат Әбден.

Другие новости

Back to top button