«Аутист адам емес пе?!»: Дильназ Ахмадиева ерекше баланың тәрбиесіне қатысты ойын бөлісті

Танымал әнші Дильназ Ахмадиева ерекше бала тәрбиелеп отырғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Commutator Казахстан арнасына сұхбат беріп, ағынан жарылды. Өнер иесі ұлының аутист екенін жасырмады.
“Зидан бес жасқа толса да, әлі сөйлемейді. Бірақ қулыққа басатыны бар. Кейде менен тамақ сұрайды. Мен таңғалып, “бұрыннан бері осылай неге сөйлемейсің десем: “Қажет болған жоқ” дейді. Бәрін түсінеді. Осы баламмен үздіксіз жұмыс істеп жатырмын. Сөйлеуінде аздап бұзылысы бар. Маған неше түрлі пікір жазады. “Балаңды емдетпесең, кейін кеш болады” деп ақыл айтатындар бар. Ұлымның диагнозын мойындап, қоғамға енуі үшін үздіксіз қадағалаймын. Коррекциялық орталықтарға барамыз. Аутист бала адам емес пе?! Қаншама ата-ана ерекше балаларды тәрбиелеп отыр. Арасында тірек-қимыл аппараты бұзылған, Даунмен туған балалар да бар. Олардың бәрін қоғамнан шеттете беруге бола ма?! Ұлым екеуміздің ішкі жандүниеміз ұқсайды”, – деді әнші.
Сондай-ақ өнер иесі жеке өміріне қатысты да сұраққа жауап беріп, тұрмысқа шықпаған қыздарға кеңес берді.
“Жасыңа жас қосылған сайын ақылың да көбейеді екен. Жас күніңде тұрмыс құрғанда болашақ жарыңның тиран, абьюзер секілді ұнамсыз қасиеттерін білмеуің мүмкін. Бірақ орта жасқа келгенде саналы шешім қабылдайсың. Егер сен күйеуіңнің қамқорлығын сезіне алсаң, нағыз нәзік жанды әйелге айналасың. Бірақ өнерде жүрген қыз-келіншектерге үйде отыратын әйел болу қиындау”, – деді өнер иесі.
Еске салайық, «Басқа әйелді сүйгенде тұрған ештеңе жоқ» деп Дильназ Ахмадиева күйеуіне қатысты ойын айтқан еді.