Спорт

Атыраулық футболшылар алаңға бір-бір күшік құшақтап шықты

Жасыл алаңда көптің жүрегін елжіреткен көрініс пайда болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Футболдан Қазақстан премьер-лигасында «Атырау» футбол клубы «Оқжетпес» командасымен кездесіп, 0:4 есебімен ұтылып қалған еді.

Бірақ атыраулық ойыншылар бұл жолы жанкүйерлерді басқа жолмен таңқалдырды. Олардың әрқайсысы жасыл алаңға бір-бір күшіктен алып шықты.

Осылайша олар көпшіліктің назарын қараусыз жүрген үй жануарларына аударғысы келгенін айтады.

Аталған клубтың баспасөз қызметінен білгеніміздей, бұл «Ит – жеті қазынаның бірі» атты акцияның бір бөлігі болып шықты.

Оған «Доброе сердце» қоғамдық қорының еріктілері қатысқан. Аталған ұйым 2016 жылдан бері үйсіз жануарларға жаңа қожайын табуға көмектесіп келеді.

Өкінішке қарай, соңғы кезде Атырауда жануарларға көрсетілетін қорлық азаймай отыр.

 

Былтыр желтоқсанда еріктілер судан мойнына тас байланған күшікті алып шықты.

Тағы бірде балалар күшікке тас байлап, қапқа салып, өзенге батырғысы келген. Биыл да күшіктерді қорапқа салып, скотчпен орап, мұзға тастаған жағдай тіркелді.

Ал, 2020 жылы ер адам өз итін тоңазытқыштың есігімен қысып, зорлық-зомбылық көрсетті.

 

Осылайша ол қызын тістеп, егінін бүлдірген төртаяқты досын жазалағысы келгенін айтқан. Бұл оқиға желіде желдей есіп, ақыры итті Америкадағы отбасы асырап алды.

Енді «Лаки» деген жаңа есімді еншілеген ит Калифорнияда бақытты күн кешіп жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін біз азаптау мен басқа да қатыгездіктің алдын алуға қатысты заңға қол қойылғанын хабарлаған едік.

 

Другие новости

Back to top button