Атырауда пәтерлері сатылып кеткен жаңа тұрғын үй кешені сүріледі
Сот шешімі заңды күшіне енді
Атырау қаласында заңсыз салынған жаңа тұрғын үй кешені сүріледі. Алайда құрылыс компаниясы барлық пәтерді тұрғындарға сатып жіберген.
Атырау тұрғыны мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына «Көктем» шағын ауданындағы көппәтерлі тұрғын үй кешенін тексеру туралы арызбен жүгінген. Тексеріс барысында құрылыс компаниясының рұқсат құжаты жоқ екені анықталды. Бұған қоса, эскиз жобасы да келісілмеген, жоба сараптамадан өтпеген, тіпті құрылысты бастау туралы хабарлама да болмаған. Тіпті, жер учаскесінің өзі үй құрылысына арналмағаны белгілі болды, деп жазады «Ақ Жайық».
МСҚБ басқармасының басшысы Ерлан Қабдиновтың айтуынша, құрылыс салушыға Әкімшілік кодекстің 314, 316, 321, 463 баптарына сәйкес 1 млн 43 мың теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ оған рұқсат құжатын алғанға және заңбұзушылықтарды жойғанға дейін құрылысты тоқтата тұру туралы ұйғарым берілген.
Ал 2021 жылы қыркүйекте құрылыс саласындағы қолданыстағы заңнаманы бұзуына байланысты үйдің құрылысын тоқтату туралы сот шешімі шықты.
Алайда бұл құрылыс компаниясына кедергі бола алмады, құрылыс одан әрі жалғасты. Осыдан кейін МСҚБ басқармасы қайта тексеріс ашып, тағы 1 млн 108 мың теңге айыппұл салды. Бұған қоса, басқарма заңсыз нысанды сүру туралы сотқа талап-арыз берді.
«Қазіргі таңда экономикалық соттың Әлиев көшесіндегі «Көктем» тұрғын үй кешенін сүру туралы шешімі заңды күшіне енді. Әрине, нысан сүріледі», — деп мәлімдеді Қабдинов.
Басылым ақпаратынша, аталған тұрғын үй кешеніндегі барлық пәтер сатылып кеткен. Енді құрылыс компаниясы өз есебінен үйді сүріп, тұрғындарға ақшаны қайтаруға тиіс.