Атырауская область

Атырауда екінші күн қатарынан шаңды дауыл соғып тұр

Атырау облысында кешеден бері шаңды дауыл соғып тұр. Дауылдың қашан басылары белгісіз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, бүгін, 13 сәуірде жел екпіні үдейді.

«Атырау облысында «Қазгидромет» РМК филиалының мәліметіне сәйкес желдің ұйытқуы секундына 17-22 метрге жетеді. Кей жерлерде секундына 25 метрге жетуі мүмкін. Шаңды дауыл соғады», — деп хабарлады ққоғаммен байланыс тобы.

Қазір жел екпіні де, шаңды дауыл да күшейіп тұр. Атырау облысында мұндай шаңды дауыл бұған дейін бірнеше рет болған. Мұнайлы өңір тұрғындары табиғаттың бұл құбылысын қалыпты жағдай ретінде қабылдайды.

Еске сала кетелік, бұған дейін Каспий жағалауында 5 күн жанған қамыс өрті сөндірілгенін хабарлаған болатынбыз. Қамыс 2 сәуірде тұтанған. «Қазақстан ғарыш сапары» космомониторингінің қорытындысына сәйкес, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өрттің жалпы ауданы 1 200 гектар болды.

«Бұл – Атырау қаласынан 30 шақырым қашықтағы аумақ. Жалыннан флора мен фауна зардап шеккен жоқ. Өйткені, құстардың ұя салу кезеңі әлі басталмаған», — деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Қамыс өртін сөндіруге департаменттен 42 қызметкер, 7 техника, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан 30 адам, 9 техника, 2 қайық, 4 мотопомпа жұмылдырылды.

Другие новости

Back to top button