Атырауская область

Атырау облысының Мұқыр ауылында тасыған сай суы 40 үйге қауіп төндіруі мүмкін

Атырау облысының Мұқыр ауылында еріген қар суы сайға құйылып, тасып жатыр. Сайға жақын орналасқан 40 үйге қауіп төнуі мүмкін.

Қызылқоға аудандық мемлекеттік құқықтық, жұмылдыру дайындығы және төтенше жұмыстар жөніндегі бөлім басшысы Азамат Қаленовтің айтуынша, Мұқыр ауылындағы сайдың екі жағында 190 үй орналасқан.

«Бұл — Мұқырдағы №6 ауылда орналасқан сай. Бүгін, 9 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 9:00 шамасында сайға еріген қар суы толғаны туралы ақпарат түсті. Сай бойында 6 су өткізгіш құбыры салынған. Алайда, қатты қарқынмен жүріп жатқан су құбырлардан өтіп үлгере алмай, жол үстімен ағып жатыр. Сай бойымен ағып жатқан судың ені — 12 метр. Қар суы 40 үйге қауіп төндіруі мүмкін деген есеп бар. Сол себептен, Мұқыр ауылдық округі әкімінің аппараты тұрғын үйлер мен қора-жайларды қар суынан сақтап қалу үшін іске кірісіп, 15 адамды, 2 жүк көтергіш, 1 Гидромек тракторы мен 1 КамАЗ көлігін жұмылдырды», — деп хабарлады Азамат Қаленов.

Оның айтуына қарағанда, Сағыз ауылдық округіне қарасты Кенбай елді мекеніндегі сайда да қар суы жүріп, 2 тұрғын үйге қауіп төндірген. Елді мекенге «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан 1 жүк көтергіш техинкасы жіберіліп, түнгі сағат 04:30- да тұрғын үйлердің айналасына бөгет салынған.

Ал, Сағыз ауылындағы Ноғайты өзенінің тереңдегі шамамен — 3 метр. Қазір су деңгейі өзен арнасының табанынан 1 метрге көтерілген.

«Қазір Сағыз ауылында 2 КамАЗ су сорып жатыр. Судан қорғау жұмыстарына 60 адам,1 жүк көтергіш, 1 Гидромек тракторы тартылды», -деді Азамат Қаленов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында Ноғайты өзенінің арнасы көтеріліп, тағы бір ауылда сай тасып жатқанын жазған болатынбыз.

Другие новости

Back to top button