Атырау облысында 50 ана «Қадам» жобасының арқасында өз ісін бастады

Атырау облысының Жылыой ауданында өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдерге жеке кәсіп ашуға көмектесетін «Қадам» атты әлеуметтік жоба сәтті жүзеге асырылуда.
Биыл көпбалалы, ерекше күтімді қажет ететін балалары бар немесе отбасындағы асыраушысынан айырылған 50 ана жобаға қатысып, қаржылық тәуелсіздікке қадам басып отыр. «Қадам» жобасы үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Оны «Зейін-Атырау» қоғамдық қоры «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен ұйымдастырған.
2023 жылдан бері жалпы 125 әйел жоба қатысушысы атанды. Бағдарлама аясында әйелдер кәсіпкерлік негіздері, SMM, қаржылық сауаттылық бойынша білім алып, міндетті психологиялық қолдау курстарынан өтеді.
Басты мақсат – тек білім беру емес, әйелдердің ішкі әлеуетін ашу, оларға өз күшіне сенімділік беріп, тұрақты табыс көзіне ие болуға мүмкіндік жасау.
— Әсіресе ерекше баланы тәрбиелеп отырған аналар үйде ұзақ уақыт отырады. Бұл әйелдің психологиялық және эмоционалдық шаршауына әкеледі. Мұндай кезде өз ісін бастау – тек қаржылық қолдау ғана емес, өзін-өзі табу жолы. Әйел өзін маңызды әрі еркін сезінуі керек, – дейді жобаның жетекшісі Алмагүл Шаудабаева.
«Қадам» жобасы – Алмагүлдің өзі бастан кешкен жеке тәжірибесінің нәтижесі. Көп жылдық үзілістен кейін жұмысқа қайта оралудың қандай қиын екенін жақсы білетін ол, ең алдымен бағдарламаға психологиялық тренингтерді енгізуді жөн санаған. Өйткені бұл – ішкі тепе-теңдікті қалпына келтірудің басты негізі.
Жобаның шабыт беретін мысалдарының бірі — Лиза Касымова. Ол 2024 жылы екінші лекпен оқуға түсіп, SMM және кәсіпкерлік бойынша базалық білім алып, психология сабағында өз күшіне сенуді үйренді. Нәтижесінде 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грант ұтып алып, құрғақ жеміс өндіретін кәсібін бастады.
— Бұрын өз кәсібім арман ғана болатын. «Қадам» жобасы арқылы өзіме сенім пайда болды. Қазір үйден шықпай-ақ табиғи өнімдер дайындап, сатамын: құрғақ жеміс, гранола, лимон тосабы, – дейді Лиза.
Бүгінде Лиза — табысты кәсіпкер, көпбалалы ана және түрлі көрмелер мен жәрмеңкелердің белсенді қатысушысы. 2024–2025 жылдары «Бір ауыл — бір өнім» жобасы аясында «Үздік өнім» номинациясының жеңімпазы атанды.
Жобаға деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. 2025 жылы үшінші лекке қатысу үшін 500-ден астам өтінім түсті. Алдын ала іріктеуден кейін 200 әйел алғашқы семинардан өтті, оның ішінде 50 қатысушы жоғары әлеуетімен таңдалып, 11 айлық оқу бағдарламасына қабылданды. Қазір олар өз бизнес-жоспарларын дайындап, жобаларын іске қосуға дайындалуда.
«Қадам» жобасы – жай ғана оқыту емес, ол әйелдерге өзін-өзі табуға, жаңа өмір бастауға жол ашады. Бұл — өзгерістің бастауы: сенімнен, қолдаудан және нақты әрекеттерден тұратын шынайы трансформация.