ГлавноеГосорганы

«Атың шықпаса, жер өрте»: Тоқаев кейбір БАҚ пен блогерлерге шара қолданылатынын айтты

Президент Тоқаев су тасқыны кезінде ел арасында дүрбелең туғызатын кейбір БАҚ пен блогерлерге заң жүзінде шара қолданылатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Халқымыздың абырой-беделіне нұқсан келтіреді

Бұқаралық ақпарат құралдары және өздерін блогер санайтын кейбір азаматтар табиғат апатына қатысты дүрбелең тудырып байбалам салу, билікті орынсыз айыптау қоғамды ортақ іске ұйыстыруға бөгет болатынын, мемлекеттік органдар ахуалды уысынан шығарып алды деген жалған ұғым қалыптастыратынын түсінуге тиіс. Мұндай әрекет әлеуметтік күйзеліс тудырады. Оның салдары халқымыздың абырой-беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан билік осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіретін адамдарға заң жүзінде шара қолданады, – деді Мемлекет басшысы.

Іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылады

Сондай-ақ президент барлық деңгейдегі билік өкілдері жұртшылықпен, әсіресе, беделді әрі жауапкершілігі жоғары белсенді азаматтармен тығыз байланыста болуы керектігін айтты. Олар халықтың пікіріне құлақ асуға, ең бастысы, жедел және дұрыс шешім қабылдауға тиіс.

Қазіргі күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – ең басты міндет. Біз қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қоямыз. Мен бұрын да айтқанмын, қазақтың мемлекеттігіне қарсы кейбір теріс пиғылды адамдар қарап отырмайды. «Атың шықпаса, жер өрте» деген. Олар қоғам ішіне іріткі салу үшін әлеуметтік желіде түрлі қитұрқы әрекеттерге баратыны анық. Бір сөзбен айтсақ, халық арасында жалған мәлімет таратады. Сондықтан бәріміз кез келген ақпаратқа сын көзбен қарап, тек ресми мәліметтерге сүйенуіміз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Табиғат апаты өмірден түңілетіндей нәрсе емес

Президент кез келген дағдарыс ел үшін сынақ қана емес, ол әр адамның бойында бұғып жатқан күш-қуат пен қарым-қабілетті ашып, тың мүмкіндіктер беретінін айтты.

Еліміздің өркендеуіне кедергі келтіретін нәрсенің бәрі ерте ме, кеш пе, тарих қойнауына еніп, келмеске кетеді. Ендеше, қазіргі табиғат апаты байбаламға салып, өмірден түңілетіндей нәрсе емес. Өсіп-өркендеу жолында түрлі кедергі кездеседі. Бірақ оның артынан жақсылық келеді. Бұл алапат тасқын біз үшін жалған жетістікке алданып, «зая кеткен кезеңнен» ажырайтын жолайрық болуға тиіс, – деді президент.

Другие новости

Back to top button