Мемлекет басшысы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Twitter желісінде жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Біз бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу баршамызға ортақ парыз екенін айтты.
«Біз ауыр сынаққа төтеп берген, ұлт бірлігін сақтап қалған және асыл қасиеттерін жоғалтпаған ата-бабамыздың үмітін ақтауымыз қажет», — деді Қ. Тоқаев.