Выбор редакцииИнтервью

Ата-ана балалардың өміріне шектен тыс араласып, қамқорлық жасамау керек.

Қазіргі таңда ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынаста проблемалар көп. Әр жасөспірімнің психологиялық жағдайын зерттемей кеңес беру өте қиын. Дегенмен ата-ана мен бала бір-біріне жақын болу керек. Бір-бірінің өміріне қызығушылық танытып, сұхбаттасу парыз.

Өкінішке қарай қазіргі уақытта ата-аналардың бала тәрбиесімен айналысуға уақыты жоқ. Күні бойы жұмыста немесе өзінің кәсібін дөңгелету үшін перзентінің қалай өскенін білмейді, кейде ұл-қызына ешнәрсе бермейді, шамадан тыс қамқорлық жасап, қомақты ақша беріп, қымбат сыйлықтар сатып алып еркелетеді. Қазіргі таңда баламен сөйлесіп, оның өмірінде болып жатқан оқиғаларды, өзгерістерді білетін отбасыны сирек кездестіруге болады. Дегенмен жасөспірімдердің өміріне шектен тыс араласып, басқан қадамын аңдуға да болмайды. Мұндай қарым-қатынастан бала сізден алшақтап, тұйықталуы мүмкін,- деп кеңес береді балалар психиатры Марина Вихновская.

ҚР денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс балалар психиатры және Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының балалар бөлімінің меңгерушісі Марина Вихновская психикалық ауруға шалдыққан балалар мен жасөспірімдерді 33 жылдан бері емдейді.

Қазіргі ақпараттық технология дамыған заманда ұрпақты тәрбиелеудің де әдіс-тәсілдері бұрынғыдан өзгерек . «Отан отбасынан басталады» десек те, қарбаласқан тіршілікте, ғаламторға құрсауланған қоғамда ата-ана тәрбиелі , білімді ұл-қыз тәрбиелеу үшін не істеу керек?

Балалар психиатры Марина Вихновская Республикалық психикалық денсаулық ғылыми- практикалық орталықтың табалдырығын он алты жасында аттаған. Қазақ психиатриясы мен психологиясының іргетасы қаланған орталықта әжесі мен әкесінің ағасы еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан. Орталыққа шипа іздеп келген кішкентай науқастарға қамқорлық жасап, дертіне араша болуға ұмтылған жас қыздың көкейіне балалар психиатры боламын деген арманды үкілеген де отбасындағы дәрігерлердің ықпалы болса керек.

-Мен 16 жаста медициналық институтқа оқуға түсе алмадым. Мектеп бітіргеннен кейін орталықтың психотерапия бөлімінде үш жыл тазалықшы болып жұмыс істедім. Дәрігер болуды арманым орындалып, медициналық институттың студенті атандым. Үшінші курсты тәмамдағаннан кейін орталыққа қайта оралдым. Мейіргер болып жұмысқа орналастым. Осы ғимаратқа келген күннен бастап науқас балаларға қарадым . Сондықтан болар педиатрия факультетін таңдадым. Педиатр -дәрігер мамандығын меңгеріп, осы ғимаратта отыз үш жылдан бері балалар психиатриясы бөлімінде тер төгіп келемін. 23 жылдан бері балалар психиатриясы бөлімінің меңгерушісімін. Психикалық ауытқу бар балалармен де, өзге сырқатқа шалдыққан науқастармен де жұмыс істеу өте жауапты және қиын . Кез-келген дертпен күресу оңай емес. Бірақ психикасында ақау бар баланың кеселін дөп басып анықтау өте күрделі шара. Мысалы, хирург науқастың ішін ұстап көреді немесе қан талдауы , ультрадыбыстық сәулелер арқылы ауру белгілерін анықтаса, психикасында кілтипан бар екенін көз жеткізу біздің міндетіміз. Осы аурулардың емдеуге арналған әдіс-тәсілдер арқылы сырқатты анықтаймыз. Өз кәсібімді жақсы көремін. Сондықтан болар қиыншылықтарды еңсеріп, талай ата-ананың алғысын алу да мен үшін ерекше мақтаныш. Балалар психиатриясы бөлімінде жылда 600 бала емделеді. Біздің мамандар ерекше науқастарға тәулік бойы қызмет көрсетеді. Олардың әр қимылын, әрекетін , психологиялық жағдайын жіті бақылап, аурудан айығып кетуі үшін барлық медициналық көмек көрсетіледі.

Марина Вихновскаяның айтуынша карантин кезінде ата-аналар үйде отырып, балаларының психикасында бұрын байқамаған проблемаларға куә болып, өздері дабыл қағыпты . Әлемді дүрліктірген коронавирус індеті тұсында талай әке-шеше үйде жалғыз қалғанда ұлдары мен қыздарының немен айналысып, мінезі қандай екенін біліп, психологиялық көмекке жүгіну оқиғалары көбейген. Балалар психиатры пандемия балалар мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасқа ерекше серпіліс берді дейді.

— Дегенмен жасөспірімдерді суицид жасауға не итермелейді?

-Біз өз өміріне қол жұмсауға оқталған балалармен жұмыс істейміз. Ең алдымен баланы өлімге итермелеген себепті айқындау керек.Суицидтің екі түрі бар. Біріншісі кейбір науқастар шынымен өз өмірімен қоштасуға бел буады. Енді осындай әрекеттің тағы бір түрі суицидтік әрекетін демонстративті түрде көрсетеді. Бұғанасы қатыгез шешім қабылдауға отбасындағы кикілжің, мектептегі проблема немесе психикалық ауытқушылық , әлеуметтік желілердегі психологиялық қысымға ұшырау , оны айналасындағы адамдардың түсінбеуі, үрей сияқты түйіткілдер. түрткі болады. Сондықтан жасөспірімнің мінез-құлқынан бір өзгеріс байқасаңыздар тікелей психологтың көмегіне жүгіну керек.

-Бұрынғы және қазіргі науқастардың арасында өзгеріс бар ма?

-Егер біз 20 жылғы кезеңді алсақ, онда қазіргі балалардың арасында айырмашылық бар. Қазіргі балалардың ой санасы көш ілгері озық. Себебі, олардың барлығы қазіргі технологияны меңгерген. Науқас өзінің дерті жайлы ақпаратты интернеттен оқып, не істеу керек немесе ненің денсаулығына қауіпті екенін біледі. Бірақ өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған ақпараттық технологияны білгені бір жағынан тамаша, тағы кері әсері де бар. Кейбір тақырыптардың балаларға қолжетімді болғанын құптамаймын. Бұғанасы қатпаған, ойы, санасы толық жетілмеген ұлдың да, қыздың да осындай ақпараттарға қолжетімділігінің нәтижесінде психобелсенді заттарды ерте тұтынып, жыныстық қатынас, демонстративті суицидке бейімделу сияқты өзекті мәселелердің туындап жатқаны жалған емес.

-Балалар психиатры болу жүйкеңіз болаттай , қажымас қайрат және шексіз мейірімді болу керек сияқты.

-Әр маман иесі кәсібін шексіз сүю керек. Ал өзің жақсы көрмейтін нәрсені шексіз сүю мүмкін емес. Ментальді бұзылысы бар балаларды емдеу үшін жұмыс істеуге өзіңді мәжбүрлеу өте қиын. Сондықтан бұл кәсіптің маған керек екенін түсіндім және ұнады. Бірнеше жылдан бері мен сүйікті мамандығымды тастап кеткен жоқпын. Бұл менің қаншалықты кәсібімді сүйеінімнің дәлелі екенін көпшілік түсінеді деп ойлаймын.

-Сұхбатыңызға көп рақмет.

Другие новости

Back to top button