Главное

Ата-әжесіне қонаққа келген: Үржарда көлік қағып кеткен 6 балаға қатысты жаңа мәлімет шықты

Абай облысының Үржар ауданында көлік қағып кеткен балаларға қатысты жаңа ақпарат белгілі болды, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Абай облысының әкімдігі таратқан ресми ақпаратқа сүйенсек, жол апаты салдарынан 2-7 жас аралығындағы үш бала көз жұмған.

«Қайтыс болған үш баланың екеуі Жарма ауданының Жаңғызтөбе ауылынан ата-әжелеріне қонаққа келген, біреуі Үржар ауданының тұрғыны», — делінген хабарламада.

Ал ауруханаға түскен 6 мен 9 жас аралығындағы үш баланың екеуі Үржар ауданынан, біреуі Жарма ауданынан екені белгілі болып отыр. Зардап шеккендер – екі отбасының балалары.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы редакциямызға нақтылағандай, аудандық ауруханада бір ұл мен екі қыз жатыр. Екеуі бір үйдің баласы болса, біреуі қонаққа келген туыстарының баласы екен.

Облыс әкімдігі қаза болған балалардың отбасыларына жерлеу рәсімін ұйымдастыру үшін барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар психологиялық және материалдық көмек те беріледі. Оқиға орнында облыс әкімі орынбасарының үйлестіруімен арнайы жұмыс тобы құрылған. Жағдай облыс басшылығының ерекше бақылауында.

Естеріңізге салайық, 19 тамыз күні Абай облысы Үржар ауданының Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, бір үйдің алдында ойнап жүрген балаларды қағып кеткен. Салдарынан үш бала қаза тауып, тағы үшеуі ауруханаға түсті.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, ауруханада жатқан үш баланың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуі тұрақты ауыр деп бағаланып отыр. Балаларға бас сүйек-ми жарақаты, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақаты деген диагноз қойылған. Астанадан Үржарға ұшып барған дәрігерлер екі баланы санавиациямен елордаға жеткізу туралы шешім қабылдаған. Аудандық ауруханада дәрігерлер қазір бір қыз баланың миына күрделі нейрохирургиялық ота жасап жатыр, ішкі ағзалардан қан кету тоқтатылған.

Абай облысының полициясы жүргізушіні ұстап, уақытша тергеу изоляторына қамады. Медициналық сараптама ер адам жол апаты кезінде мас болмағанын көрсеткен. Қазір қажетті сараптамалар жасалып жатыр.

Другие новости

Back to top button