«Ат» деп айғайлаған адамды көрдім». Шерзат ісінде тағы бір куәгерден жауап алынды

Шерзат ісінде тағы бір куәгер Наргиза Незамединова жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Марқұм Шерзат Полаттың қазасына байланысты өтіп жатқан сотта куә Наргиза Незамединова оқиға болған күні қызыл қалпақ киген, арықтау келген адамның Шерзатты ұрып жатқанын көргенін айтты. Сөзінше, төбелеске қатысқандар арасында әйел адам болған.
МӘН-ЖАЙ
– Шерзаттың анасы «балам, балам!» деп оның денесін жауып жатты. Олар айқайлағанына қарамады. Ұруларын жалғастырды… Мен жақындағанда Шерзат тірі болды. Көлікке салғанда демалып жатты, – деді Незамединова.
Наргиза Незамединова оқиға болған күні «[мылтықты] ат» деп айқайлаған адамды көрген. Бірақ мылтықтың дауысын естімеген, нақты түрін аңғармаған.
КУӘГЕРЛЕР
Бұған дейін екінші куәгер Дана Жақсыкелді жауап берген болатын. Сонымен қатар, үшінші куәгер Юлдаш Розыбакиев сотталушы Абзал мен Нұрқиясты ғана танитынын айтты. Ол қалған сотталушыларды танымайтынын жеткізді. Шерзат ісінде тағы бір куәгер Арлан Қазыкенов жауап берді.
Одан бөлек, 28 сәуір күні Талғардағы қанды төбелесте қаза тапқан Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот процесіне бесінші куәгер Самат Абдықадыр келіп, тараптардың сұрағына жауап берді. Самат – сотталушы Дидар Қалиахметовтің бауыры.
Сотта күдіктінің тағы бір бауыры Дәулет Мұратов та келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.
Сонымен қатар, Шерзат сотында Қаржаубайға сыра үшін ақша жіберген куәгер Бекнұр Асқарбек жауап берді. Ал Шерзат мерт болған күні келген полицей күдіктінің сыныптасы болып шықты. Одан бөлек, Шерзат өліміне байланысты сот процесінде мемлекеттік айыптаушы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың жауаптарын оқыды. Нұрқанат тергеу кезінде оқиға орнында болған екі қызға қатысты күтпеген деректер айтты.
БҰҒАН ДЕЙІН
Еске салайық, бұған дейін Шерзат ісінде кінәсі дәлелденсе сотталушыларға қандай жаза берілуі мүмкін екенін жазған едік. «Шерзат соты» аталған атышулы процесте 9 адам айыпталушы ретінде танылған.
Сот процесі Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтіп жатыр. Судья Ержан Жанұзақов 9 айыпталушыға қандай баптар бойынша айып тағылғанын бұған дейін оқыған болатын. Соның негізінде кім қанша жылға сотталуы мүмкін екенін болжауға болады. Бірақ процестегі әр сотталушының кінәсі әуелі дәлелденуі керек.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
2024 жылы 4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.
Өткен аптада Шерзат Полат ісі бойынша сот процесі қалай өткенін мына екі сілтемеден көруге болады.
Автор: Есдәулет Қызырбек