Главное

Астананың сол жағалауында тұрғын үй түн ішінде өртенді: 100-ге жуық адам далаға қашып шыққан

Астанада 4 маусымға қараған түні сол жағалаудағы «7 бочек» тұрғын үй кешені отқа оранды. Аталмыш үйдің жүзге тарта тұрғыны өрт сөндірушілер келгенге дейін далаға шығып үлгерген. Құтқарушылар тағы 15 адамды эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өрт туралы хабар шамамен түнгі он екі жарымда түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде Нұра ауданындағы Сығанақ көшесінде «Семь бочек» тұрғын үйінің сыртқы қаптамасы жанып жатқан. ТЖМ күштері мен құралдары жоғары дәрежеде жұмыс істеді.

Жалын 250 шаршы метр аумақты шарпыған

Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылып, тұрғындарды эвакуациялау жұмысы жүргізілді. Су үздіксіз беріліп, полиция қызметкерлері өрт болған жерді қоршап алған. Кірме жолдардың болмауы тілсіз жауды ауыздықтауға қиындық тудырған.

«Семь бочек» тұрғын үй кешенінің 6-16 қабат аралығындағы сыртқы қаптамасы және 14-қабаттағы балкон жанған. Өрт сағат 1:39-да оқшауланды. Жалын 250 шаршы метр аумақты шарпыған. 100-ге жуық тұрғын өз бетінше далаға шығып, ТЖД күштері 15 адамды эвакуациялады. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталып жатыр», — деп мәлімдеді ТЖ министрлігі.

Әкімдік тұрғындарды қонақ үйлерге жайғастыруға дайын

Түн ішінде астаналықтарды дүрліктірген төтенше жағдай туралы Астана қаласының әкімдігі де ақпарат таратты. Өрт шыққан үйге әкімдіктің қызметкерлері де дереу жеткен.

«Астана қаласының әкімдігі қажет болған жағдайда тұрғындарды қонақүйлерге уақытша орналастыра алады. Сонымен қатар, жан-жақты көмек көрсетіледі. Зақымданған қасбет пен басқа да шығындарды қалпына келтіру жұмысы жедел түрде басталады», — деп мәлімдеді.

Другие новости

Back to top button