Госорганы

«Астананың өзінде осылай болып жатыр»: Жаңбыршин қоқыс өңдеу проблемасын көтерді

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Мәжілістегі комитет отырысында полигондар мен қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесі жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Бұл мәселе қазіргі таңда өте өзекті болып отыр. Жыл сайын республикада 4,5-5 млн тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Оның тек 20 пайызы сұрыпталады деген ақпарат бар. Бірақ бұл ақпараттың нақты екенін айту өте қиын. Себебі біз комитет мүшелерімен осы Астана маңындағы қоқысты сұрыптайтын комбинатқа барғанда, мамандар 15 пайызы ғана сұрыпталатынын, қалған 85 пайызы полигонға кететінін айтты. Астанада осындай болып жатса, басқа өңірлерді айту қиын», — деді Жаңбыршин.

Депутат атағандай, Мемлекет басшысы экология мәселелерін, оның ішінде қалдықты кәдеге жарату жұмыстарын бір жолға қоюды бірнеше рет айтты.

«7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында қалалардағы қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыттар салып, ол үшін инвесторлар тарту керегін баса айтқан болатын. Бізде жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасында қалдықтарды өңдеу 2023 жылға дейін 40 пайыз, 2050 жылға дейін 50 пайызға жеткізуге міндет қойылған. Бұл — үлкен амбициялық міндет. 40 пайыз өңдеуге жетуге айналдырған 5-6 жыл қалды. Соған жете аламыз ба деген өте үлкен күмән бар. Өңірлерде бұл мәселе кенже қалып жатыр. Антилидерлердің ішінде Павлодар облысы, СҚО, Абай облысы бар. Көптеген полигонда рұқсат жоқ. Оны реттейтін нормалар да болмай отыр», — деді депутат.

Оның айтуынша, қалдықтарды өңдеу бойынша нақты саясат жоқ.

«Рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс шығару – үлкен проблема. Ғарыш мекемесі ғарыштан зондтау арқылы осы мәселені шешуге жәрдемдесіп жатыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты ұсыныс пен нақты пікір қажет. Заңға енгізетін өзгерістерді де қарастырған жөн. Полигон деген сөзден кетуіміз керек. Ол грек тілінен аударғанда «сынақ алаңы» дегенді білдіреді. Біз бұл сөзді барлық жерге кіріктіріп, қолданып жатырмыз. Тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін комбинат керек бізге», — деді Еділ Жаңбыршин.

Другие новости

Back to top button