Нур-Султан

Астанада салық форумында Жаңа салық реформасына қатысты ұсыныстар айтылды

Келесі жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне қатысты мәселелер Астанада өткен ауқымды салық форумында кеңінен талқыланды. Іс-шараны «Налоги Казахстана» қауымдастығы ұйымдастырды. Форумға 1500-ден астам қатысушы — кәсіпкерлер, бухгалтерлер, заңгерлер, салық саласының сарапшылары мен мемлекеттік органдардың өкілдері жиналды.

Форумның басты мақсаты — мемлекет пен бизнес арасындағы ашық диалог орнатып, реформаның негізгі тұстарын талқылау және шағын және орта бизнестің (ШОБ) салықтық әрі құқықтық сауаттылығын арттыру.
Іс-шараны Instagram-да миллионнан астам жазылушысы бар заңгер және салық кеңесшісі Екатерина Ким (@nalogialmaty) ұйымдастырды. Ол форумда кәсіпкерлерге кассалық әдіске көшу туралы ескертіп, «егер бизнес иелері уақытында дайын болмаса, салықты артық төлеуге мәжбүр болады» деп мәлімдеді.

Форумда Қазақстанның жетекші сарапшылары мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері сөз сөйледі. Атап айтқанда:
• ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов
• Ұлттық экономика министрлігі Салық саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев
• Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жаныбек Нұржанов
• МКК цифрландыру департаменті директорының міндетін атқарушы Ержан Мустафин
• ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Respublica партиясының өкілі Айтуар Қошмамбетов

Сондай-ақ салық және бухгалтерлік есеп саласындағы тәжірибелі сарапшылар:
Максим Барышев (Uchet.kz), Respublica партиясының тең төрағасы, Сәкен Қарин (Қазақстанның Салық кеңесшілері қауымдастығы), Анастасия Макова (МАКБУХ), Айжан Балакешова (БК Audit), Ульвия Касумова (SHYMBUH), Айдар Масатбаев (Salyqtez) және салық қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцев.

Форум барысында жаңа Салық кодексіндегі басты өзгерістер — кассалық әдіске көшу, ҚҚС мөлшері, арнайы салық режимі (АСР), көлеңкелі экономиканы азайту және салық жүйесінің ашықтығы кеңінен сөз болды. Қатысушылар көптеген кәсіпкерлердің салықтан жалтаруы мәселесін көтеріп, бұл жаңа реформалардың жүзеге асуына қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті.

Мысалы, балалар үйірмелеріне салық салу ұсынысы қоғам тарапынан сынға ұшырап, форум барысында қайта қаралды. Бұл — билік пен бизнес арасындағы диалогтың нақты нәтижесі. Сонымен қатар, медициналық қызметтер мен банктік операцияларға ҚҚС енгізу туралы ұсыныс та алаңдаушылық туғызды.

Астанада өткен бұл форум салық реформасына дайындық пен бизнес қауымдастығының үнін есту үшін маңызды алаң болды. Екінші жыл қатарынан өтіп жатқан бұл іс-шара елдегі салық саясатының ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам ретінде бағаланды.

Сарапшылардың айтуынша, басты мақсат — реформалар арқылы салықтан жалтауды тоқтатып, ШОБ-ты ашық жұмыс істеуге ынталандыру. Ол үшін заңнаманы түсіндіру, қолдау тетіктерін дамыту және бизнеске түсінікті салық жүйесін қалыптастыру қажет

Другие новости

Back to top button