Астанада Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты алдын ала сот отырысы басталды

Бүгін, 9 шілде күні Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олар қайырымдылыққа деп бөлінген 3 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікке ілінді.
БАҚ-тың қатысуына қарсы шықты
24.kz мәліметінше, күдіктілер сот процесіне бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуына қарсы екендерін білдіріп, фото және видео түсірілім жүргізуге тыйым салуды талап еткен.
Перизат Қайраттың ұсталғаны туралы еске саламыз
2024 жылдың қараша айында қайырымдылық қорының жетекшісі әрі қоғам белсендісі Перизат Қайрат ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Оған тасқын су салдарынан зардап шеккендерге және Палестина халқына арналған қаражатты мақсатсыз жұмсады деген айып тағылған. Қаржылық мониторинг агенттігі оның қымбат пәтерлері, люкс автокөліктері, зергерлік бұйымдары мен аксессуарларына тыйым салған.
Ақшаны заңдастыру мақсатында «бизнесвумен» ретінде көрінуге тырысқан
2025 жылдың қаңтар айының соңында Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайратқа қатысты жаңа тергеу ісін тіркеді. Ол мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығының құрылысын қаржыландыру деген желеумен ақша жинап, алаяқтық жасады деп айыпталуда.
Тергеу барысында Перизат Қайрат:
- Өзін кәсіпкер ретінде көрсетуге тырысқан;
- Ұрланған миллиардтарды заңдастыруға әрекет жасаған;
- Тергеуге жауап беруден бас тартып, тергеушілермен байланысқа шықпаған.