Спорт

Астанада өтетін күрестен Азия чемпионатының жарыс кестесі жарияланды

9-14 суәір аралығында Астананың Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында күрестің үш түрінен өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын балуандардың тізімі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

9-10 сәуір аралығында грек-рим күресінің шеберлері күш сынасады. Жарыстың бірінші күні 60, 67, 72, 82 және 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі балуандар кілемге шықса, екінші күні 55, 63, 77, 87 және 130 келі салмақ дәрежесінді балуандар күреседі.

Қазақстан құрамасының санатында: 55 келі — Аманғали Бекболатов (СҚО), 60 келі — Ернұр Фидахметов (ШҚО), 63 келі — Мұхамедәлі Мамырбек (Шымкент қаласы), 67 келі — Алмат Кебіспаев (Қарағанды облысы), 72 келі — Ибрагим Магомадов (Қарағанды облысы), 77 келі — Демеу Жадыраев (Алматы облысы), 82 келі — Диас Қален (Жетісу облысы), 87 келі — Нұрсұлтан Тұрсынов (Абай облысы), 97 келі — Олжас Сырлыбай (Қызылорда облысы), 130 келі — Әлімхан Сыздықов (Шымкент қаласы) ел намысын қорғайды. Құраманың бас бапкері — Серік Жұмашев.

Ал, 11-12 сәуір аралығында әйелдер күресінің жүлделері сарапқа салынады. 11 сәуірде 50, 55, 59, 68 және 76 келідегі спортшылар күрессе, 12 сәуірде 53, 57, 62, 65 және 72 келі салмақтағы балуандар бақ сынайды.

Құрама қатары мынандай: 50 келі — Эллада Махяддинова (Ақмола облысы) 53 келі — Алтын Шағаева (Алматы облысы), 55 келі — Марина Седнева (Алматы облысы), 57 келі — Нилуфар Раимова (Түркістан облысы), 59 келі — Диана Каюмова (Астана қаласы), 62 келі — Ирина Кузнецова (Ақмола облысы), 65 келі — Альбина Қайыргелдинова (Ақмола облысы), 68 келі — Елена Шалыгина (Шымкент қаласы), 72 келі — Жамила Бақбергенова (Астана қаласы), 76 келі — Эльмира Сыздықова (Қарағанды облысы). Бас бапкер — Қайрат Сағадиев

Сәуірдің 13 мен 14 аралығында еркін күрес балуандары белдеседі. 13 сәуірде 57, 65, 70, 79 және 96 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі балуандар өнер көрсетсе, 14 сәуірде 61, 74, 86, 92 және 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі спортшылар күреседі.

Еркін күрестен Қазақстан құрамасының сапында мына балуандар шығады: 57 келі — Рахат Қалжан (Жамбыл облысы) 61 келі — Нұрболат Әбдуалиев (Түркістан облысы), 65 келі — Мұхтар Санжар (Жамбыл облысы), 70 келі — Санжар Досжанов (Астана қаласы), 74 келі — Дархан Есенғали (Шымкент қаласы), 79 келі — Болат Сақаев (Атырау облысы), 86 келі — Азамат Дәулетбеков (ШҚО), 92 келі — Ризабек Айтмұхан (Алматы қаласы), 97 келі — Бекзат Үркімбай (Астана қаласы), 125 келі — Юсуп Батырмурзаев (Ақтөбе облысы). Бас бапкер — Мадияр Құрамысов.

Азия чемпионатының күнтізбесі бойынша, күн сайын күндізгі сессия сағат 11:00-де (алдын ала, жартылай финалдық және жұбаныш белдесулері), кешкі сессия 18.00-де (1-ші және 3-ші орындар үшін финалдық ойындар) басталады.

Ресми ашылу салтанаты: 9 сәуір, сағат 17:00-дe.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 9-14 сәуір аралығында Астанада грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өтетін 36-шы Азия чемипонатына құрлықтың 24 елінен 300-ден астам балуан қатыспақ.

Азия чемпионатында жеңген балуандардың жаттықтырушыларына да ақшалай сыйақы беріледі.

Другие новости

Back to top button