Астанада жеке балабақшаның тәрбиешісі балаларға дөрекілік көрсеткені үшін жұмыстан қуылды (видео)

Желіде Bi Group компаниясына тиесілі жаңа жекеменшік балабақша тәрбиешісінің балаларды жұлқылап жатқан сәтінен видео жарияланды. Компания өкілдері тәрбиеші жұмыстан босатылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тәрбиешінің балаларды жұлқылап жатқаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Компания өкілдері бұл жайтты растады.
«Тәрбиеші балаларға қатысты жол беруге болмайтын әрекетке барды. Біз мұны кәсіби этика мен мінез-құлық стандарттарын өрескел бұзу деп санаймыз. Қызметкер тиісті бап бойынша бірден жұмыстан шығарылды», – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Bi Group компаниясында осы жайт бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатқаны мәлім болды.
«Біз балабақшамыздағы қауіпсіздік пен ашықтықты жақсарту үшін бар күш-жігерімізді салып жатырмыз – болашақта мұндай жағдайларды мүлдем болдырмау үшін ішкі бақылау жүйесін күшейту жұмыстары басталды. Біз болған оқиғаға шын жүректен өкінеміз және ата-аналарға сенімдері мен алаңдаушылықтары үшін алғыс айтамыз», – дейді олар.
Ата-аналар Астанадағы олигарх Айдын Рахымбаевтың компаниясына тиесілі Aldi BI жеке балабақшасына шағымдануда. Олардың айтуынша, балабақшада балаларға күш қолдану фактілері жиілеген.
Еске салсақ, бұған дейін Астанадағы №21 «Гүлдер» балабақшасында тәрбиеші көмекшісінің тарапынан балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың 19 дерегі тіркелгенін жазған едік. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр