Астанада әйеліне 10 жыл бойы зәбір көрсетіп келді деп айыпталған экс-дипломат Сәкен Мамаштың соты басталды

10 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы дипломат Сәкен Мамашқа қатысты қылмыстық іс қарала бастады. Оны бұрынғы әйелі «10 жылдан бері жәбір көрсетіп келді» деп айыптаған. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.
Шенеуніктің бұрынғы жұбайы Карина Госман іс материалдарында отбасылық өмірінің интимді жағы қозғалатынын айтып, соттың жабық өтуін сұрады. Ол екі баласы бар екенін, балаларының психологиялық қысымға ұшырамағанын, олардың болашақта істің мән-жайын білгенін қаламайтынын алға тартты.
Ал Сәкен Мамаштың өзі соттың ашық өтуіне қарсылық білдірген жоқ. Алайда ол БАҚ-та фото, видеосын таратуға қарсылық білдірді.
Нәтижесінде судья Артур Абдыханов соттың дайындық бөлімін ашық өткізіп, ал негізгі сот отырысын жабық өткізу туралы қаулы шығарып, Карина Мамаштың арызын ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. БАҚ өкілдеріне соттың дайындық бөліміне қатысуға ғана рұқсат етілді. Алайда үкімді оқитын күні журналистер сот отырысына қатыса алады.
Сондай-ақ Мамаш келесі соттан бастап қазақ тілінде жауап беруге өтініш білдірді, судья оның өтінішін қанағаттандырды.
Сотта айыпталушы тараптың адвокаты Бейбітжан Сайлауұлы кейбір әрекеттер Біріккен Араб Әмірліктерінде істелгенін алға тартып, қылмыстық істі тоқтатуды сұрады.
Еске салсақ, 2024 жылғы мамырда Карина Мамаш күйеуі Сәкен Мамаштан 10 жылдан бері физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық көріп келгенін айтып видеоүндеу жариялаған. Ол кезде Мамаш Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшісінің кеңесшісі қызметін атқарып жүрген. Астана полициясы оның үстінен қылмыстық іс қозғады. Кейін Сыртқы істер министрлігі Мамашты Қазақстанға шұғыл түрде шақыртып алды.
Сол жылы қазанда ерлі-зайыптылардың ажырасқаны белгілі болды. Кейін Карина Мамаш Госман тегіне өткен.
Биыл 4 сәуірде Сәкен Мамаш бұрынғы әйелін ұрып-соғу фактісі бойынша қамауға алынды.