Астанада әйелін 7 жыл бойы ұрып-соғып келген ер адам небәрі 1 жылға сотталды
Астанада әйелін 7 жыл бойы ұрып-соғып келген ер адам небәрі 1 жылға сотталғаны белгілі болды. Жалпы елордада өткен жылы отбасының шырқын бұзған 85 адам сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратура мәліметінше, енді қинау үшін (ҚК 110-бабы) бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, ал денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (ҚК 108-1 бабы) және ұрып-соғу (ҚК 109-1 бабы) әрекеттері қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
«Өткен жылы осы санаттағы істер бойынша 85 отбасылық бұзақы сотталды. Мысалы, 7 жыл бойы әйеліне тән зардабы мен психикалық зардап шегуге ұшыратып, қинағаны үшін ер адам 1 жылға бас бостандығынан айырылды.
Басқа жағдайда, құқықбұзушы қорғау нұсқамасын және тыйым салуды елемей, таныс қызын 5 жылдан астам уақыт бойы қудалаған. Прокурормен оның жүйелі түрде жәбірленушінің үйіне келіп, жанжал шығарып, отбасын қорқытып, ұрып-соққаны жөнінде дәлелдер келтірілді.
Аталған әрекеттері үшін құқықбұзушы 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды», — делінген хабарламада.