Нур-Султан

Астанада ағашпен жамалған LRT тірегінің фотосы желіде талқыға түсті

Әлеуметтік желіде Астанадағы LRT тірегінің жамалған сәті түсірілген суреті тарап, оқырмандардың күлкісін келтірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

«Көк изолентамен жамау керек еді», «АЭС-ті қалай саламыз, мына түрмен», «Ойлап таппайтындары жоқ», – деп жазды желідегілер.

Алайда бұл арнайы құрылыс үшін пайдаланылатын қалып болса керек.

Көпшіліктің қызу талқысына түскен сурет Telegram-дағы «Астана – Не? Қайда? Қашан?» арнасында жарияланды. Суретке әзілмен «LRT аман болсын!» деп жазылған.

Бұл жағдайға қатысты City Transportation Systems өкілдері түсініктеме берді.

«LRT құрылысы учаскесінде (Ш. Қалдаяқов пен К. Қуанышбеков көшелерінің қиылысында, 114-115 учаскелер аралығында, NR14 тірегінде) монолитті арқалықтардың ішкі жағын бетондау үшін шегендеп бекіту орнатылған. Бұл процесс тростардың алдын ала керілуінен кейін жүзеге асырылған. Қазір бетондау жұмыстары аяқталды. Шегендеп бекіту алып тасталды», – делінген ресми жауапта.

Еске салайық, бұған дейін 20 қыркүйекте Астанада LRT тіректерін тұрғызу жұмыстары толығымен аяқталғанын жаздық. LRT-нің 22 шақырымдық эстакадалық жолының құрылысына қарастырылған барлық 799 тірек салынды. Тіректерді орнатуға 2,5 мың жұмысшы жұмылдырылған.

Другие новости

Back to top button