«Астана-Зеленстрой» мекемесінің жұмысшылары наразылыққа шықты

Олар компания басшылығы берген уәдесін орындамай отыр деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЖҰМЫСШЫЛАР НЕГЕ НАРАЗЫЛЫҚҚА ШЫҚТЫ
Жұмысшылар ең әуелі айлық мәселесін көтеріп отыр. Осы талаппен компанияның бас кеңсесінің алдына келген.
Біздің мұнда жиналғандағы мақсатымыз – айлығымызды дұрыс бермейді, берген жағдайда да окладтан төмендетіп береді. “Айлықты көтереміз” деп келе жатқанына үш жыл болды. Мұнда айтары бар наразы адамдар көп. Басқа да айтылар проблемалар бар. Директор боқтап сөйлейді. Қазір осында тұрмыз. Мұнда учаскелік полиция келіп тұр. “Жол жаппаңдар, қырғын төбелес болмасын” деді. Бірақ бізге төбелес немесе басқа ештеңе керек емес, тек қажетті айлықты көтерсін деп отырмыз, – дейді жұмысшылардың бірі.
Ulysmedia.kz тілшісі Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласқан. Әкімдік мәселенің мәнісін білгеннен кейін ақпарат берілетінін жеткізді.
КОМПАНИЯ ЖАЙЛЫ
«Астана-Зеленстрой» — Астана қаласының аумағын көгалдандыру және абаттандырумен айналысатын мемлекеттік кәсіпорын. Компания 2005 жылы бұрынғы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын «Зеленстройдың» негізінде құрылған. Компания ағаштар, бұталар, гүлзарлар мен газондарды егіп, күтіп-баптау, қалалық саябақтар мен скверлерді абаттандыру, фонтан жүйелерін күтіп ұстауға, ландшафтық жобалау және көгалдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге жауапты.
2023 жылы компанияның бұрынғы бас директоры болған Айбар Наурызәлі 9 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін 185 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелген еді.