«Астана-Жезқазған» жолаушылар пойызында сәби өмірге келді
Жас ата-ана жаңа туған нәрестеге Арай деп ат қойған
«Жұбайымен бірге Қарағандыдан Жезқазғанға бара жатқан жүкті әйелдің толғағы басталды. Вагонда босанған әйелге көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды», — деп көрсетті ҚТЖ ҰК.
Пойыз бастығы Индира Кұлмаханованың айтуынша, пойыз бригадасы пойыз жүргізушісіне хабарлап, жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақырылған.
«Стандартты емес жағдайларда қалай әрекет ету керектігін компанияда үйретеді. Біз әрқашан жолаушыларымызға көмек көрсетуге дайынбыз», — деді ол.
Жезқазған станциясына келген соң жолсеріктер анасын қызымен бірге жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Жас ата-ана жаңа туған нәрестенің есімін Арай деп қойды.
«Бұндай жағдайда бізді жалғыз қалдырмай, көмек көрсеткен пойыздың барлық қызметкерлеріне үлкен алғыс айтамын. Бәріміз абдырап қалдық, ал Индира табандылық пен кәсібилік көрсетті, отбасымыз оған қызымыз үшін әрқашан риза болады», — деді бақытты әке.