Astana Hub-та Glovo PowerUp стартаптар байқауының жеңімпаздары анықталды: үздік стартаптар Барселонаға жіберіледі
Astana Hub-та халықаралық Glovo PowerUp стартаптар байқауының финалы өтті, оған өтінім берген 107 қатысушының ішінен Қазақстанның AI және B2B бағытындағы ең үздік 10 стартапы өтті. Питч-күннің қорытындысы бойынша үздік екі команда бас жүлде — Glovo компаниясының Барселонадағы штаб-пәтерінде толық қаржыландырылатын тағылымдаманы иеленді, ал үшінші орын алған команда компанияның тең құрылтайшысы Саша Мишомен эксклюзивті онлайн-менторлық сессияға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Финалда стартаптар өз шешімдерін халықаралық сарапшылар алқасына ұсынды, онда жобалардың инновациялылығы, коммерциялық әлеуеті және ауқымын кеңейту мүмкіндіктері бағаланды.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Prometei стартапы иеленді. Бұл — маркетплейстердегі сатушыларға арналған «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін, сондай-ақ тауарларды іріктеу, контент жасау, тапсырыстарды, баға белгілеуді, тауар қорын және маркетингті басқару мүмкіндіктерін біріктіретін AI-платформа.
Екінші орынды NCSpeech иеленді. Бұл — жасанды интеллект модельдерін оқытуға қажетті деректерді жинауға және валидациялауға арналған платформа.
Үшінші орын Prosper Pay стартапына берілді. Бұл — B2B-процестерді, кадрлық электрондық құжат айналымын және персоналды басқаруды автоматтандыруға арналған fintech-платформа.
Байқаудың басты жүлдесі — Glovo компаниясының Барселонадағы штаб-пәтерінде толық қаржыландырылатын тағылымдама. Бұл мүмкіндік бірінші және екінші орын алған Prometei мен NCSpeech командаларына берілді. Ал қола жүлдегер атанған Prosper Pay командасы Glovo компаниясының тең құрылтайшысы Саша Мишомен эксклюзивті онлайн-менторлық сессияға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Glovo PowerUp — испаниялық Glovo технологиялық компаниясының ауқымды жаһандық бастамасының бір бөлігі. Бағдарлама сервис жұмыс істейтін көптеген елде жүзеге асырылып келеді және Astana Hub-пен бірлесіп өткізілген екінші жоба болып табылады. Бағдарламаның негізгі мақсаты жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті шешімдер әзірлей алатын кәсіпкерлерді қолдау, бизнес-модельдерді дамыту, стартаптардың жаңа нарықтарға шығуына ықпал ету және тұрақты серіктестіктерді қалыптастыру болып табылады. Байқау қазақстандық перспективалық технологиялық шешімдерді таныстыруға және отандық стартаптар үшін халықаралық деңгейдегі мүмкіндіктерді кеңейтуге арналған маңызды алаңға айналды.
Финалға сондай-ақ келесі стартаптар өтті:
Delever — мейрамханалар мен ритейлге арналған онлайн-тапсырыстар мен жеткізу бойынша бірыңғай платформа, ол барлық сату арналары мен операциялық процестерді бір экожүйеге біріктіреді.
Electi — техникалық мамандарды әлемнің жетекші BigTech компанияларындағы сұхбаттарға дайындауға арналған AI-платформа, ол дербес трекингті, FAANG инженерлерімен mock-сұхбаттар өткізуді және бүкіл үдерісті сүйемелдейтін AI-көмекшіні қамтиды.
gro.now — нарықтық талдауға арналған AI-платформа, ол AI-агенттерді, бәсекелестерді талдау құралдарын және нарықтық зерттеуді біріктіріп, компанияларға деректер негізінде стратегиялық шешімдерді жылдам қабылдауға көмектеседі.
Kwaaka — мейрамхана коммерциясын суперқосымшалар мен банктерден бастап e-wallet пен мобильді платформаларға дейін кез келген қосымшада іске қосуға арналған инфрақұрылымдық платформа.
SHAI Regula AI — құжаттардың реттеуші талаптарға сәйкестігін автоматты түрде талдайтын AI-агент, ол ішкі құжаттаманы халықаралық және жергілікті стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан тексереді.
STIKER.AI — WhatsApp, Telegram және Instagram арқылы сату процестері мен клиенттермен коммуникацияны автоматтандыруға арналған AI-операциялық жүйе.
TapHR — жаппай персонал іріктеуге арналған AI-платформа. Ол кандидаттармен автоматты түрде байланысып, бейнесұхбаттар өткізеді, кездесулерді жоспарлайды және кандидаттарды оффер алғанға дейін сүйемелдейді.

