Госорганы

Әскери қызметшілер қаруды қандай жағдайда және кімдерге қарсы қолдана алмайды?

Мәжіліс депутаты қаруды негізсіз қолданған әскери қызметшілердің жауапкершілігін күшейтуді ұсынды

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Берік Дүйсенбинов әскери қызметшілердің билігін асыра пайдаланып, қару қолданған немесе оны негізсіз қолданғаны үшін жауапкершілігін күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қарастырылып отырған заң жобасында әскери полиция органдары қызметшілерінің қару қолдану құқығы көзделіп отыр. Бұл өте өзекті сұрақ. Бірақ, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы», «Арнаулы мемлекеттік органдар туралы» заңдарда қаруды қолдану жағдайлары әртүрлі. Бұл мәселе бойынша Президент те бірыңғай тәртіп орнату туралы тапсырма берген болатын. Жүргізіліп жатқан жұмыс туралы мәлімет беруіңізді сұраймын. Сонымен қатар, күш құрылымдары қызметкерлерінің билігін асыра пайдаланып, қару қолданған немесе оны негізсіз қолданғаны үшін жауапкершілікті күшейту қажет деп санаймын», — деп депутат Берік Дүйсенбинов Бас прокуратура өкіліне әріптестерінің атынан ұсыныс айтты.

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бұл сұрақ өте өзекті екенін айтты.

«Бұл мәселені біз де саралаған болатынбыз. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар. Ол күш қолдану мен арнайы құралдарға қатысты. Біздің алдымызға заңды жетілдіру мәселесі қойылған. Ол жұмысты істеп жатырмыз. Ал сіздің айтып отырған мәселеңіз – қару қолдану бойынша. Сіз айтқан үш заңда да қару қандай уақытта қолданылу керегі, адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіру, әскерилерге шабуыл жасау кезінде бұл барлық органға бірдей тиесілі болады. Сонымен қатар олардың күзетіп отырған нысандарында немесе олардың қаруын тартып алу қаупі туындаған кезде қару қолдану тәртібі толығымен көрсетілген», — деп айтты ол.

Бас прокурордың орынбасары жауабын толықтыра келе қаруды қандай уақытта қолданбау керегіне тоқталды.

«Ал қаруды қандай уақытта қолданбау қажет? Бұл мәселе де барлығына бірдей көрсетілген. Яғни ол әйел мен мүгедек азаматтарға, сондай-ақ жасөспірімдерге. Әрине, бұл осы санаттағы азаматтар өздері қолдарына қару алып, әскерилерге шабуыл жасау жағдайын қоспағанда», — деп түсіндірді Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов «Әскери полиция органдары туралы» заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған болатын.

Другие новости

Back to top button