Госорганы

Әскерде борышын өтегендердің барлығы тегін оқи ма — Қорғаныс министрлігі жауап берді

Алдағы күзден бастап әскерде борышын өтеген кез келген азамат ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ, жоғары оқу орнына түсе алады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

 

Қазір университеттерден бөлінген 3000 тегін орынды оқу ұтып алу үшін 15 мың сарбаз арнайы іріктеуден өтіп жатыр. Жобаны бастаған Қорғаныс министрлігінің өкілдері елдегі жоғары оқу орындары жыл сайын әскери борышын өтеп келген сарбаздарға тегін оқуға мүмкіндік береді деп үміттенуде. Соның арқасында әскерден қайтқан әрбір оныншы сарбаз тегін оқи алады.

Қорғаныс министрлігі мұндай бастаманы әскерге баруға ынталандыру үшін ойлап тапты. Бір жыл әскери қызметін өтеп келгендер жоғары оқу орны мен әскери оқу орындарына тест тапсырмай-ақ түсе алады.

“Қазір компьютерлік бағдарламамен іріктеу өтіп жатыр. Қорытындысы осы арқылы шығады. Оның үстіне Қорғаныс министрінің бұйрығымен жеке арнайы комиссия құрылады. Сол комиссия ең үздіктеріне ұсыным береді”, – деді Қорғаныс министрлігі білім және ғылым департаменті басшысының орынбасары Бегім Нұрмаханов.

Әскерде өзін үздік жауынгер ретінде көрсете алғандар университет есебінен тегін оқиды. Ал қалғандарына ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмастан, ақылы бөлімге түсуге мүмкіндік беріледі. Әскери қызметтің нәтижесі бойынша тегін жоғары білім беру мәселесін қорғаныс министрлігі комиссиясының өкілдері шешеді.

Іріктеуден өткен сарбаз университет пен білім беру бағдарламасын өзі таңдайды. Әскерден кейін екі жыл ішінде оқуға түсе алады.

Үміткерлерді анықтау тетігі әскери қызметті өткеру барысын бағалау көрсеткіштеріне негізделеді. Оқуға іріктеу төрт түрлі әдіспен жүзеге асырылады. Ол сарбаздың жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру деңгейі, жеке тәртібі, жауынгерлік кезекшілігін атқару кезінде міндеттерді толық орындауы және психологиялық жай-күйі бағаланады. Содан кейін әрбір сарбаздың рейтингі жасалады. Оны Солдат аналары комитетінің, басқа қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіретін арнайы комиссия қарайды.

Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, бұл жобаға мемлекеттің қаржысы кетпейді. Шығынды университеттердің өздері көтереді. Бұл мемлекеттік грант болмағандықтан, шәкіртақы берілмейді.

Другие новости

Back to top button