Выбор редакцииҒылым және техника

Ашық хат: Қазақстан ботаника ғылымының өткені, бүгіні, ертеңі туралы!

ҚР Президенті жанындағы

Ұлттық ғылым академиясы Президенті,

профессор К.Д.Закарияға

 Құрметті Күнсұлу Дальтонқызы!

 Тек өсімдіктер патшалығының еншісіндегі фотосинтез процесінің нәтижесінде жыл сайын Жер шарында 4,65х1011 тонна (465 млрд. тонна) органикалық зат түзіледі. Сонымен қатар, атмосферадағы оттегінің (О2) 21% деңгейін ұстап тұрғанын, улы көмір қышқыл газын (СО2) сіңіріп тұрғанын  ескеру маңызды.

Қазақстан жер аумағының өсімдік жамылғысы жыл сайын 222 млн. тоннадай оттегі (О2) өндіреді екен. Жер Шарындағы құрлықтарда 500 мыңға жуық өсімдік түрлері тіркелген. Жалпы адамзат өсімдіктер дүниесін толық зерттеп, зерделеп, игере алды ма деген сұраққа толығымен «иә» деп жауап беру мүмкін емес.

Н.И.Вавилов атап өткендей, өсімдік шаруашылығында (егіншілікте) 2500 түрлі жоғары сатыдағы өсімдіктер пайдаланады. Бұл табиғаттағы барлық өсімдіктер дүниесінің 0,5%-і ғана. Барлық өңделген жердің 99%-де 1000-ға жуық түр ғана өсіріледі, яғни өсімдіктер дүниесінің 0,2%-ы ғана қолға үйретілген деген сөз. Осыдан көрініп тұрғандай, өсімдіктер жамылғысының барлық мүмкіншілігі мен потенциалын зерттеу әлі де өте өзекті мәселе.

Ғылыми-функционалдық және философиялық-әдіснамалық тұрғыдан қарастырғанда – ең қарапайым экожүйеден бастап жалпы Биосфераға дейінгі барлық құрылымдық жүйелерде өсімдік бүкіл тіршілік иелері үшін орта түзуші болып табылады.

Бүгінгі күні Қазақстан ғалымдарымен «ӨСІМДІК – СУ», «ӨСІМДІК – ЖЕР», ӨСІМДІК – АУА», «ӨСІМДІК – БИОЛОГИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК» ғылыми-әдіснамалық константалық тандем концепциясы тұжырымдалған. Биосфераның құрамдас бөлігі болып табылатын атмосфераның да, гидросфераның да, геосфераның да түйдектелген мәселелері аз емес.

Аталған константалық тандем концепциясы бойынша атмосферадағы, гидросферадағы, геосферадағы түйдектелген мәселелерді және онымен тығыз байланысты биологиялық қауіпсіздік мәселесін де ӨСІМДІКСІЗ шешу мүмкін емес.

Сондықтан, XVI (1999, АҚШ) және  XVII (2007, Австрия) Дүниежүзілік ботаникалық конгресс делегаттары Жер Шарындағы мемлекет басшыларына арнап Үндеу жолдады. Бұл Халықаралық құжатта Конгресс делегаттары Жер бетіндегі өсімдік жамылғысының мүшкіл халіне, ботаникалық зерттеулерге, ботаника ғылымына деген сұраныстың кеміп бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, ботаника ғылымына баса назар аударуды сұраған болатын.

Қазақстан ботаника ғылымының даңқты даму тарихы бар. XVI дүниежүзілік ботаникалық конгресте қазақстандық ботаника ғылымының жетістіктері халықаралық ғылыми қауымдастықпен мойындалды. Нәтижесінде 150 елдің ішінде Конгрестің 5 құрметті – вице президентінің қатарына Қазақстанның өкілі академик И.О.Байтулин сайланды. Сөйтіп, Қазақстан ботаникаға ерекше мән беретін мемлекет болып танылды.

Қазақстанның ботаника ғылымы Ғылым академиясының ірге тасын қалаған салалардың бірі. 1932 жылы ботаника институты, 1934 жылы – Бас ботаникалық бақ, 1935 жылы – Алтай ботаникалық бағы, 1939 жылы Қарағанды ботаникалық бағы, 1946 жылы – Іле ботаникалық бағы, 1957 жылы – Жезқазған ботаникалық бағы, 1972 жылы – Маңғышлақ экперименталдық ботаника бағы, 2018 жылы – Астана ботаникалық бағы  құрылды.

Осындай ауқымды инфрақұрылым Қазақстанның ұлттық ботаника ғылымында өзіндік келбеті бар ғылыми мектептер мен іргелі академиялық басылымдардың дүниеге келуінің негізі болды. Олардың қатарында ерекше атап өтетіндер академик Н.В.Павловтың флористика, өсімдіктер қортануы (ресурсоведение), академик Б.А.Быковтың геоботаника, академик А.Ж.Жаңғалиевтің жеміс ормандарын зерттеу ғылыми мектептері бар.

Еліміз тәуелсіздігі жариялағанға дейінгі ботаника ғылымының жетістіктеріне профессорлар Л.Я.Курочкинаның, Е.И.Рачковскаяның, С.А.Бедаревтың геоботаника саласындағы ғылыми тұжырымдалған өз бағыттарының болуын, ең бай палеоботаникалық коллекцияның (профессор П.В.Шилин), 9 – томдық «Флора Казахстана» энциклопедиялық анықтамалығын, 2 томдық «Иллюстрированный определитель растений Казахстана» анықтамалық каталогын (В.П.Голоскоков), Қазақ тіліндегі бинарлық номенклатура қағидасына негізделген алғаш «Қазақстан өсімдіктерінің тізімін» (С.А.Арыстанғалиев), ботаникалық бақтарда жинақталған өсімдіктер генофондын, осы ғылыми ортада қалыптасқан ғалымдарды жатқызуға болады.

Ерекше атап өтетін факт, 1988 жылы тарих қойнауында қалған Кеңестер Одағы ботаникалық қоғамының ең соңғы, VIII съезі – құрылтайы да Алматыда өтті. Қазақстан ұлттық ботаника ғылымы инфрақұрылымын құрайтын жоғарыда атап өтілген институттар 50 – 90 жылдық эволюциялық қалыптасу жолын жүріп өтті.

Осы уақыт аралығында ол институттардың әрқайсысына тән ғылыми – әдістемелік дәстүрлер, коллекциялар, өсімдіктер генофонды, ғылыми идеялар мен гипотезалар ретіндегі ғылыми активтер қалыптасты. Осындай ғылыми капиталмен Қазақстанның ботаника ғылымы тәуелсіздік кезеңін қарсы алды.

Тәуелсіздік алған алғашқы онжылдық Қазақстанның ботаника ғылымында ауқымды, ғылыми тұрғыдан маңызды оқиғаларға толы болды. Ең алдымен халықаралық деңгейде.

IV Дүниежүзілік Ризологиялық симпозиум Алматы қаласында табысты өтті. Бүкіл Жер Шарындағы 4 Ризологиялық ғылыми мектептің бірі Қазақстанда екендігі Халықаралық ғылыми қауымдастықпен мойындалды.

Ризологиядан және онымен тығыз байланысты экологиялық морфологиядан ондаған докторлық, кандидаттық диссертациялар қорғалып көптеген ғылыми тұжырымдар жасалынды. Ризология ғылымның түсіну апараты (терминдер) жүйеленді. И.О.Байтулиннің «Строение и функции корневой системы растений»  атты монографиясының жалпыбиологиялық және экологиялық теориялық маңызы өте жоғары екендігі өз көрінісін тапты.

Бұл уақытта И.О.Байтулин, М.А.Проскуряков, С.В.Чекалиннің авторлығымен Қазақстанның интродукциялық теориясы негізделді.  Естеріңізде болса, ол теория осы авторлардың «Экосистемный подход в интродукций растений»  деп аталатын монографиясында баяндалды.

Бұл теорияның негізгі ұстанымдары мен қағидалары ботаниканың басқа салаларында флористикада геоботаникада негізгі  теориялық- әдістемелік қағида болып басшылыққа алынып, бірнеше ондаған докторлық, кандидаттық диссертациялар табысты қорғалды. Экожүйелік қағида мен ұстаным Қазақстанның 2 экологиялық ұлттық стратегияларын дайындау кезінде басшылыққа алынды.

Профессор Р.Ә Мирзадиновтың «Экотондар және экожүйелердің тұрақтылығы теориясы»  да монография болып, жарық көрді. Өкінішке орай, бұл теорияның негізгі қағидалары жоғары мектептердегі экологиялық білім беру бағдарламаларында кеңінен қолданылмады.

Профессор М.Қ.Көкенов бастаған ғылыми топ, өсімдік қортану (ресурсоведение) бағытындағы жұмысын жалғастырып, бірқатар монографиялар мен анықтамалықтар жарыққа шықты, білікті мамандар дайындалды.

Өткен ғасырдың 80 – жылдары академик Б.А.Быков – «Табиғат – түр түзілудің фабрикасы» деген. Осының дәлелі ретінде Қазақстан жерінен 100 – ден аса жаңа түрлер ашылып, сипатталынып жазылды. Осы ғылыми жаңалықтардың 60 — ынан астамы Ю.А.Котуховтың еншісінде. Бұл ретте ерекше атап өтетініміз – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ботаникалық зерттеулердің ішінде өңірлік, аймақтық флористикалық жұмыстар басымдыққа ие болды.

Геоботаника саласындағы жетістіктерге жататыны – әр экотиптердің антропогендік трансформациясы кезеңдері анықталып, сипатталынып жазылды. Сол кездері бұл бағыттағы жұмыстар профессор Н.П.Огарь ханымның басшылығымен жүргізіліп,  ғылыми – теориялық тұжырым – қорытындылар жасалды. Өз кезегінде флораның антропогендік транформация заңдылықтары мен бағыттарын анықтаған профессор Н.К.Аралбай бастаған ғылыми топ болды. Өсімдік жамылғысының трансформация кезеңдері мен бағыттарының ғылыми дәлелдері мен көрсеткіштері бүлініп, тозған экожүйелерді қалпына келтіру технологияларының ғылыми негізі болып табылады.

Жойылып кету қаупі төнген  сирек өсімдіктердің интродукциясы мен реинтродукция әдісі толығымен негізделіп Ю.А.Котуховтың еңбектерінде жарияланды. Тәуелсіздік жылдарында Ю.А.Котухов Шығыс Қазақстанда, профессор Н.М.Мухитдинов өз оқушыларымен Алматы қаласы мен Жетісуда өсімдіктердің ценопопуляцияларын зерттеуде елеулі нәтижелерге қол жеткізді.

Қазақстанның 2 экологиялық ұлттық стратегиясының жауапкершілігін академик И.О.Байтулин бастаған ботаник – ғалымдар мойнына алды. 1999 жылы И.О.Байтулиннің ғылыми жетекшілігімен және бас редакторлығымен «Қазақстандағы шөлденуге қарсы күрес ұлттық іс – әрекеттер жоспары» және «Қазақстанда биологиялық алуан түрлілікті сақтаудың ұлттық стратегиясы мен іс-әрекеттер жоспары» кітап болып басылып, Үкіметтің қарауына тапсырылды. БҰҰ — ның сарапшылары бұл екі ұлттық стратегияға да жоғары баға берді.

 

Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда Қазақстанның Қызыл кітабы (өсімдіктер) 2- басылым жарық көрді;

  • Қазақстанда 2 қаланың (Кентау, Шымкент) урбанофлорасы зерттеліп, бағаланды;
  • 4 облыстық – Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары өсімдіктерінің мемлекеттік кадастры мен Қызыл кітаптары дайындалып, пайдалануға берілді. Бұл жұмыс қәзір де жалғасып жатыр;
  • Медициналық, тағамдық, малазықтық өсімдіктердің толық тізімі жасалынды;
  • Қазақстанның флористикалық аудандауының жаңа жобасы дайындалып, сынақтан өтті.
  • Қазақстан өсімдіктерінің заманауи номенклатурасы қазақ тілінде жасалынып, кітап болып басылды;
  • «Қазақстан флорасы» энциклопедиялық – анықтамалығының тұжырымдамасы (концепциясы) мен іс –әрекеттер жоспары дайындалып, кітап болып басылды.

«Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының ғылыми тарихи, әлеуметтік негіздемесінде Қазақстан алма мен қызғалдақтың Отаны деп жарияланды. Мұндай тұжырым академик А.Ж.Жаңғалиевтің ғылыми мектебінің 50 жылдық ізденіс – зерттеулерінің нәтижесі деуге толық негіз бар.

«Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы жарияланғаннан соң ғылыми айналысқа қасиет, қасиеттілік (сакральность) деген ұғым енді. Жаратылыстануда, оның ішінде ботаникадағы қасиеттілік ұғымының критерийлерін айқындау өзекті мәселеге айналды.

Осыған байланысты реликттер мен эндемиктердің эволюциялық классикасына толықтырулар енгізілді, реликттердің «эволюциялық жасын», геохронолиялық жыл мөлшерін, анықтаудың әдістемесі теориялық негізделді.

Бұл ретте, тәуелсіздіктің 10 – 12 жылдарында жарық көрген профессор М.С.Байтеновтың 2 томдық «Флора Казахстана» кітаптарының алатын орны ерекше маңызды. Бұл құнды, маңызды еңбек те И.О.Байтулиннің редакторлығымен жарық көргенін айту керек.

Бүгінгі күні қасиеттілік ұғымының биологиялық критерийі ботаника саласында айқындалды деуге толық негіз бар. Биологиялық географияда, эволюциялық ілімде эндемизм, реликттілік деген ғылыми ұғымдар ерекше маңызды, құнды болып есептеледі.

Әдетте, мұндай түрлер сирек гендердің немесе сирек гендер комбинациясының иелері болып табылады. Флористикада дифференциалды таксондар деп аталатын флораның осы элементтері қасиеттілік ұғымының көрсеткіші болатыны дәлелденді.

Дифференциалды таксондардың шоғырлану деңгейіне байланысты аумақтар мен аймақтардың географиялық қасиеттілігін бағалауға толық мүмкіндік бар. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан «Евразия құрлығындағы биотаның және өркениеттердің бесігі» деген ғылыми тұжырым да жеріміздің қасиеттілігін әлемге паш етіп тұрған дәлел болып тұр.

Конституциямыздың тұғырнамалық ұстаным – қағидасында (фундаментальный принцип) мемлекеттік тіл қазақ тілі деп шегеленген. Қазақстан ботаниктері бұл бағытта айтарлықтай үлкен жұмыстар атқарып, жақсы нәтижелер берді.

Конституцияда белгіленген осы ұстаным тәуелсіздік кезеңінің алғашқы жылдарында этноботаникалық зерттеулерге басымдық беріп, қазақ тілінде монографиялар, оқулықтар, оқулық құралдар, сөздіктер шығарыла бастады.

Ең басты мәселе, осы этноботаникалық зерттеулердің нәтижесінде ҚАЗАҚ-тың ботаника ғылымының атасы, негізін қалаушысы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бабамыз екені анықталып, ғылыми қауымдастықта мойындалды.

Сөйтіп, алдыңғы әдебиеттерде айтылып кеткендей ҚАЗАҚ ботаникасы 20 ғасырда емес, 15 ғасырда қалыптасқан болып шықты. Оның нақты дәлелі — 15 ғасырда Өтейбойдақ бабамыз жазып кеткен өсімдіктер тізімі. Бұл тізімде 900 – ге жуық өсімдік атаулары бар.

Оның 20% — і бүгінгі күнге дейін қолданыста. Қазақ тілінде дайындалып, кітап болып шыққан сүбелі маңызды еңбектердің бірқатары мыналар:

  • Т.Мырзақұлов, Ә.Әметов : Өсімдіктер систематикасы, 1 – том;
  • Ә.Әметов: Ботаника ( жалпы ботаника ) – 4 басылым көрді;
  • Н.Мұхитдинов, С.Айдосова, Ә.Бегенов : Өсімдіктер морфологиясы;
  • А.Қуатбаев : Жалпы эколгия – 2 басылым көрді;
  • Қ.Үсен : Геоэкология ;
  • М.Көкенов, Ә.Исамбаев және т.б Қазақстанның дәрілік өсімдіктері, олардың пайдалануы;
  • С.Арыстанғалиев : Қазақстан өсімдіктерінің латынша , орысша , қазақша атаулары – 3 басылым көрді;
  • Н.Аралбай, А.Қуатбаев, Б.Қасенова, Ә.Чилдиваева, С.Конканова: Қазақстан өсімдіктерінің заманауи номенклатурасы және т.б.

«Қазақстан флорасының 2 – басылымына материалдар» айдарымен 30 – дан аса ғылыми мақалаларды өсімдік туыстары мен түрлері мен анықтағыш кілттері қазақ тілінде жарияланды.

Соңғы жылдары орын алған кемшіліктер мен олқылықтарды да атап өту керек.

Ең бастысы, еліміздің ботаникалық шаруашылығындағы біртұтастық пен жүйелілік бұзылды. Сондықтан, қалыптасқан ғылыми – әдістемелік дәстүрлер, ғылыми активтер шашыраңқылыққа ұрынып, әлсіреді деуге болады.

Қазіргі уақытта ұлттық ғылым жүйесінің юрисдикциясында, яғни ҚР ҒЖБ Министрлігінің құрамында, тек екі ботаникалық Институт – Алтай ботаникалық бағы мен Маңғышылақ эксперименталдық ботаникалық бағы ғана қалды.

Ботаника ғылымының басты институты – құрамында Бас ботаника бағы, Іле, Жезқазған және Астана ботаникалық бақтары бар Ботаника және фитоинтродукция институты басқа Министрлікке берілді. Қазақстан ботаника ғылымының бір кездері дамыған инфрақұрылымының басым бөлігінен айрылдық десе де болады.

Ботаникалық кадр дайындау, әсіресе ұлттық кадр дайындау мәселесі де ушығып тұр. Еліміздегі бірде бір ЖОО-да классикалық ботаника кафедрасын есімізге түсіре алмайтындай халдеміз. Өсімдіктер жалпы алғанда биологияның барлық салаларында, экология, химия, ауыл – шаруашылығы, медицина ғылымдарының зерттеу нысаны екенін ұмытқандаймыз.

Жоғарыда атап өтілген жетістіктеріміздің көпшілігін бағамдап, шегелеп ұстап тұра алмадық. Бұл жетістіктерді ары қарай дамытуға қажетті инфрақұрылымдар құрылмады. Жетістіктерімізді ұстап қалғанымызда, ботаникада бірнеше ғылыми мектептер болар еді.

Ботаникадағы Геоботаника мен фитоценология саласы барлық салалардың – морфология, систематика, экология, география, қортану және т.б. синтезі болып табылады.

Бұл ретте, Қазақстандағы ботаника ғылымының барлық проблемасы 2016 жылғы Жер комиссиясының жұмысы кезінде ашық көрінді. Жер мәселесін талқылау кезінде геоботаника мен фитоценология бағытының барлық қырлары мен аспектілерінің тоқырап тұрғанының куәсі болдық.

Геоботаниканың теориялық, әдістемелік, кадрлық проблемалары өте тереңдеп кеткені белгілі болды. Өкінішке орай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде геоботаника мамандығы бойынша жүргізіліп жатқан іс шаралардың ғылыми және кадрлық негізі тым әлсіз, ғылыми – әдістемелік тұғыры әлжуаз болып тұрғандай. Шынына келсек, Ұлттық университеттен геоботаника дипломын алып шыққан мамандардың геоботаника мен фитоценология саласында табысты жұмыс істей алатынына сену қиын болып тұр.

1996 жылдан бері қазақ тілінде “Қазақстан флорасы” көптомдық энциклопедиялық – анықтамалық дайындау туралы бастама көтеріп, осы бағытта 30-ға жуық диссертация қорғалды, осы уақыт ішінде бұл проблеманың барлық ғылыми, ғылыми – әдістемелік, әлеуметтік кадрлық алғышарттары жасалынады; 4 рет мақсатты ғылыми – техникалық бағдарлама ретінде ҚР БҒМ конкурстарына қатысып, қолдау таппады.

Осыған байланысты, қазіргі қолданыстағы мақсатты ғылыми техникалық бағдарламаларды орындау тәртібінің талаптары, мемлекеттік тілде ғылыми –зерттеу жұмыстарын жүргізуге қолайсыз, тіпті қамтамасыз ете алмайды деген қорытынды жасауға меңзейді.

Қазақстан өсімдіктер дүниесі 14,5-15 мыңдай биологиялық түрден тұрады. Оның ішінде жоғары сатыдағы түтікті өсімдіктер 6400-дей түр, саңырауқұлақтар 5000-нан аса түр, қалғаны мүктер, қыналар және балдырлар.

Жоғары сатыдағы түтікті өсімдіктердің 1500-дей түрі дәрілік өсімдіктер, 1000-ға жуық түрі малазықтық, жем – шөптік, 580-600 дейі тағамдық, азық-түлік, 750-800 дей әсемдік, сәндік – декоративтік; 20-дай эфирмайлық, 40-50 майлық, 250-ден астам улы, 300-ден астамы омарталық, балдық қасиеті бар маңызды генетикалық ресурс болып табылады.

Жалпы алғанда Қазақстанның флорасындағы әрбір 8-түр Жер бетінде басқа жерде кездеспейтін эндемик. Олардың жалпы саны 770-780 түр. Түр құрамының 12%-і болатын осы эндемиктер алма мен қызғалдақ сияқты қазақтың ұлттық кодының ботаникалық төлқұжаты деуге толық негіз бар.

Өкінішке орай, осындай нәсілдік қор – генетикалық ресурс туралы, Ұлттық қасиетіміздің ботаникалық келбетін айқындайтын эндемиктеріміз бен реликттер туралы ғылыми ақпарат ҚАЗАҚ үшін қолжетімсіз болып отыр. Себебі, қазақ тілінде дайындалып, жарық көрген энциклопедиялар, салалық анықтамалықтар мен каталогтар жоқтың қасында, жеткіліксіз. Ал, қазіргі білім алушылардың, студенттердің, магистранттардың, РһD-докторанттардың 90-95%-і мектепті қазақша бітіргендер, қазақ тілінде оқитындар.

Бүгінгі күні білім алушылардың университет бітірген соң, маман ретінде жұмысқа араласқан кезде де мемлекеттік – қазақ тіліндегі ақпарат пен ғылыми технологиялық тұжырымдарға арқа сүйейтіні белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда, ботаника саласында ҚАЗАҚ тіліндегі энциклопедиялық анықтамалықтар дайындау және жеткілікті таралыммен шығарылып, цифрлануы да өте өзекті, әрі оның ғылыми – әлеуметтік маңызы да өте жоғары екені түсінікті.

Ең бастысы бүгін дайындалып жарық көргелі отырған қазақ тіліндегі салалық энциклопедиялық – анықтамалықтар елімізде даярланып жатқан мамандардың сапасын арттырып, жарқын болашағының кепілі болар еді. Ботаника саласындағы осындай энциклопедиялық құралдың бірі, әрі бірегей — «Қазақстан флорасы» көптомдығы болмақ.

Сондықтан Жаңа Қазақстандағы ботаника ғылымының негізгі және ең басты басым бағыты мемлекеттік – қазақ тіліндегі «Қазақстан флорасы» көптомдық энциклопедиялық анықтамалығын дайындап, халыққа ұсыну екендігі ақиқат дүние.

Жоғарыда атап өткендей, бүгінгі күні бұл келелі жұмысты атқаратындай ғылыми, ғылыми – әдістемелік, кадрлық алғышарттар мен мүмкіндіктер толық бар. Жетпей тұрғаны – мемлекет, үкімет тарапынан қолдау ғана. «Қазақстан флорасы» көптомдығы жарық көрген соң, еліміздің ресурстық әлеуеті толық бағаланып, «Қазақстанның медициналық өсімдіктері, Қазақстанның тағамдық, азық-түліктік өсімдіктері, Қазақстанның жайылымдық және жем-шөптік өсімдіктері» және т.с.с. атластар, каталогтар, анықтамалықтардың ел азаматтары мен мамандарының қолына тиюінің кепілі болар еді.

Биологиялық алуантүрлілік жөніндегі халықаралық конвенцияның 4-алғышартында мемлекеттердің өз биологиялық ресурстарына егемендік құқықтары бар екені толық мойындалған. Бұл ретте «Қазақстан флорасы» энциклопедиялық анықтамалығы «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы, «Қазақстанның географиялық атласы» сияқты біздің мемелекеттігіміздің, егемендігіміздің символы болатыны талас тудырмаса керек.

Жаңа Қазақстандағы ботаникалық ғылыми зерттеулердің тағы бір маңызды басым бағыты — биологиялық және экологиялық қауіпсіздік мәселесінің ботаникалық аспектісіне мән беріп қамтамасыз ету болып табылады.

Бұл ретте  БҰҰ-ның Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенцияның 14 бабында биологиялық алуантүрлілікке зиянды әсер ететін жағымсыз зардаптарды мейлінше азайту міндеттелген. Ботаникалық тұрғыдан қарастырылғанда жағымсыз зардап әкелетіндер әсіресе табиғи экожүйелер мен жайылымдардағы зиянды элементтер, олар – инвазивті бөтен түрлер мен карантиндік арамшөптер.

Бүгінгі күні қосымша тіпті түбегейлі зерттеуді қажет ететін, сөйтіп инвазивті бөтен түрлермен күресудің оларды жойып құртудың ғылыми технологиялық негізін қалыптастырудың маңызы өте жоғары.

Биологиялық қауіпсіздік мәселесін қозғағанда генетикалық модификацияға ұшыраған нысандарды (ГМО) айтпай кетуге болмайды.

Жалпы теориялық тұрғыдан қарастырғанда ГМО-ның пайда болуы және онымен байланысты қауіп-қатерлердің орын алуы қолдан сұрыптаумен, яғни селекция және гибридизациямен байланысты. Қолдан сұрыптау процесін дамыта келіп, биологиялық нысандардың гендік және молекулярлық деңгейіне тереңдеу арқылы гендік трансформацияға қол жеткізілді десе болады.

Қолдан сұрыптауға нақты қарсы тұратын құбылыс тек қана табиғи сұрыптау процесі жабайы табиғатта ғана жүреді. Сондықтан табиғи сұрыптау мен қолдан сұрыптаудың балансын сақтай отырып, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болады. Бұл ретте табиғи сұрыптаудың, үлесін арттыра түсу биологиялық қауіпсіздіктің нақты кепілі болмақ.

Ресурстық зерттеулерде жабайы табиғатта ГМО-ға балама ресурстарды іздеу, зерттеу жұмыстарына басымдық берілуі керек. Яғни биологиялық ресурстану ғылымында генетикалық бастапқы таза биоресурстар деген жаңа бағыт жан-жақты ғылыми негізделуі қажет.

Қорыта айтқанда, биологиялық экологиялық қауіпсіздік мәселесіне қатысты ботаникалық теориялық тұғырнама мен тұжырым болатыны, ол «Қазақстандағы инвазивті бөтен өсімдіктер каталогы», «Қазақстанның карантиндік, рудералды арамшөптер каталогы» болуы керек. Мемлекеттік инспекция мен ботаник ғалымдардың бұл мәселе бойынша тығыз байланыста болуы қажет.

Қазақстан ботаника ғылымының келешегі жарқын болуы үшін Ботаника және фитоинтродукция институтын филиалдарымен, гербарийлік қорымен, палеоботаникалық және интродукциялық коллекцияларымен Ғылым және жоғары білім Министрлігінің құрамына қайтару керектігі көзге ұрып тұрған ақиқат. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, барлық ұлттық университеттерде классикалық ботаника кафедраларын ашып, білім беру бағдарламаларын дайындау арқылы «ботаника» және «геоботаника» мамандықтарын қайта жаңғыртуды ұсынамын.

Сондықтан, Қазақстандағы ботаника ғылымының мәселелері ҚР Президенті жанындағы ҰҒА-ның басты назарында болады деп азамат ретінде, ботаник-ғалым ретінде үміттенемін.

Үмітпен, әрі құрметпен Биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ПҒА академигі, ҚР АШҒА академигі, Моңғолия ҰҒА академигі  Н.К.Аралбай

 

Другие новости

Back to top button