Ғылым және техника

Ашық хат-2: «Ғылымға тек қана мемлекеттік монополия болуы керек»

                                                                  Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті, профессор  К.Д. Закария ханымға

Құрметті Күнсұлу Дальтонқызы!

Саналы өмірімнің 40 жылдан аса уақытында биология ғылымымен, оның ішінде ботаникамен кәсіби айналысып келемін. Сондықтан, ғалым ретінде өз көзқарасым мен пікірімді білдіруге конституциялық және моральдық құқым бар деп есептеймін. Оны осы хат арқылы өзіңізге баяндауды азаматтық парызым деп санаймын.

Ең алдымен айтарым — Қазақстан ҰҒА-сының Отанымыздың  Президенті жанынан құрылғанына шын куаныштымын. Соңғы 20 жылда ғылымның проблемаларына арналған бірнеше ондаған мақалаларым, пост-интервьюлерім жарық көрді.

Өз мақалаларым мен басқа пікірлерді талдап, оның түйіні ретінде 2019 жылы ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевқа ашық хат жолдап, әлеуметтік желілерде жариялағанмын. (1,2-Қосымша). Бұл ашық хатта Мемлекет басшысының назарын біздің ғылымда Конституциялық унитарлылық, біртұтастық ұстаным мен идеясы сақталмай отырғанына, ғылымның бөлшектеніп шашырап кеткеніне назар аударғанмын.

Ғылымда конституциялық унитарлық ұстаным принципі сақталмаған соң, мемлекеттік мүддені қорғайтын, сақтайтын ғылыми саясат біртұтас болған жоқ, шашыраңқылыққа жол берілді, көмескіленді. Сондықтан, жалпы ғылым және ғылым салалары бойынша саяси ұстанымы бар мемлекеттік орган болуы керек деген ойды да жеткізгенмін.

Сіз басқарып отырған мемлекеттік ҰҒА-сын саяси орган деп қабылдаймын, шын қуаныштымын. Өзіңізге және ҰҒА-ның басшылығына ҚАЗАҚ ғылымын жинақтап, жаңғырту жолындағы істеріңізге береке, табыс тілеймін.

Нәтижесінде рухани тұрғыдан қалыптасқан, материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілген ұлттық ғылыми жүйе қалыптасады деп үміттенемін. Осы хат арқылы сіздің назарыңызды, менің ойымша, өте маңызды 5 мәселеге аударғым келеді:

  1. Ғылыми тәуелсіздік: ғылым және ҚАЗАҚ тілі

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ғылым мен технологиялық даму жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы жұмыс отырысында-ақ технологиялық тәуелсіздік мәселесі, яғни ғылыми егемендігіміз туралы өткір айтылды. Шынында да ғылыми тәуелсіздік пен егемендік туралы терең уайымға түсетіндей жағдайымыз бар.

Ғылым саласындағы негізгі саяси ұстанымымыз ақша табуға, рейтингтер мен баллдар, сертификаттар есептеуге, ғылыми – ізденістер нәтижелерін шетелге шығаруға, халықаралық стандарттар деген сағым қууға бағытталған болып шықты. Ең қиыны және өкініштісі – Ата заңымызда белгіленген тұғырнамалық қағидаларды (фундаментальные принципы) кейінгі орынға ысырып қойғанымыз.

Ғылыми тәуелсіздік идеясын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы 20- ғасырдың басында тұжырымдаған: «Ғылым қуыңдар. Құр сөзге үйір болмаңдар. Жаңа техниканы, технологияны, ғылымды игеріңдер. Онсыз мына жерімізге ие бола алмаймыз», — деп 21-ғасырдың басында да біздің Қазақстандық академиктеріміз И.О.Байтулиннің, М.Қ.Қойгелдінің, А.Жұмаділдаев және т.с.с. ғылыми егемендік туралы батыл айтқан ойлары бар.

Ғылыми тәуелсіздігімізді сақтау үшін не істеу керек? Ең алдымен – Ғылым – ұлттың биік тілегі мен ар-ожданы, Ұлттық ғылым академиясы ҚАЗАҚ ғылымының рухани платформасы іспетті саяси орган деген идеяны қоғамда берік орнатып, ұрпақ санасына сіңіре беру керек. «Ғылымы жоқ елдің данасы жоқ, данасы жоқ елдің панасы жоқ» — деген қағиданы берік ұстанғанымыз абзал.

Екіншіден, Ғылым тәуелсіздігінің тірегі, өзегі, алтын қазығы – ҚАЗАҚ тілі деген идеяны қоғамда толық орнықтыру керек. Бұл ұстанымның саяси-әлеуметтік, құқықтық алғышарттары бүгінгі күні толығымен жасалынған.

Ұлытауда өткен ұлттық құрылтайда Президентіміз Қ.К. Тоқаев «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздігіміздің символы» — деген саяси мәлімдеме жасады. Президент жанындағы ұлттық кеңесте «Қазақ тілі – ғылым тілі болуы керек» — деген міндет қойылды. Осыдан туындайтын қорытынды, тіпті аксиома десек те болады, ғылым – еліміздің тәуелсіздік тірегі болып шығады.

Ең бастысы, бұл ұстаным ҚР Конституциясы 7.1 және 93 баптарының талаптарын толық орындау болып табылады. Бұл ретте алғашқы батыл қадам болып табылатыны – ҚАЗАҚ тілінде орындалатын ғылыми бағдарламалар мен жобаларға басымдық беру (преференция) және қазақ тілінде салалық энциклопедиялар мен анықтамалықтарды дайындап, баспадан шығаруды батыл қолға алу керектігі. Бұл ретте «Тағдыр батылдарды қолдайды (Смелым помогает судьба)» деген қағиданы ұстанғанымыз дұрыс сияқты;

Үшіншіден, ғылыми – зерттеу нәтижелерін шетелге асырудың міндеттілігіне тоқтау салу керек. Оның орнына мемлекеттік «Ғылым» баспасын және оның реакциялық кеңесін құрып, қалыптастыру қажет.

Қазақстандық цитаталық – сілтеме индексін (индекс цитирования) тұжырымдап, құқықтық тұрғыдан негіздеу ғылыми тәуелсіздіктің тұғыры болатыны анық. Бұл бағытта қатал тәртіп орнату керек. Тәртіп болмаған жерде жүйе болмайтыны белгілі.

Шығыс ойшылдарының пайымдауынша – Тәртіп дегеніміз – бұл керексіз дүниеден арылу. Біздің ғылыми тәуелсіздігімізге нұқсан келтіріп отырған халықаралық деп аталатын шетелдік Болон процесі, Хирш индексі, Scopus, Tompson Reuters индекстері сияқты «Наукометрия» құндылықтарынан арылуымыз қажет. Себебі, Қазақтың ғылыми тәуелсіздігі үшін олар керексіз дүние болып тұр.

Ең дұрысы – осы стандарттарды «Ғылым» баспасы мен Ұлттық редакциялық кеңестерде орнатып, өз стандарттарымызды дайындап, оны халықаралық стандарттарға кіріктіруіміз орынды болар еді. Себебі, халықаралық құжаттарда, хартияларда, конвенцияларда әр елдің өз шаруашылығына, ресурстарына (оның ішінде ғылыми ресурстары бар) егемендік құқығы толық мойындалады. Ендігі жерде өзіміздің конституциялық принциптерімізді халықаралық стандарттар деген түсініксіз тезиспен алмастырғанды доғару керек.

Төртіншіден, стратегиялық маңызды ғылыми – зерттеу институттарын ұлттық ғылыми жүйеге қайтару қажет. Ғылымға деген саяси, мемлекеттік көзқарастың кемшілігінен бұрынғы Білім және ғылым министрлігі елдің биология ғылымы инфрақұрылымының елеулі бөлігін құрайтын ботаника және фитоинтродукция институтын, адам және жануарлар физиологиясы институтын, микробиология және вирусология институтын ұлттық ғылыми жүйеден шығарып тастағанын айтуымыз керек.

Ботаника және фитоинтродукция институтын 3 филиалымен бірге басқа министрлікке ауыстырды. Ал «Адам және жануарлар физиологиясы» институты мүлдем жабылды. Микробиология және вирусология институты мемлекеттік меншіктен жеке қолға өтті. «Еліміздің ғылыми жүйесінде өзіндік тарихи орны бар ҒЗИ-ын ғылымның юрисдикциясынан алудың ғылыми – құқықтық негізі қандай болды екен?» — деген сұраққа жауап іздеу өте маңызды деуге хақымыз бар.

Бесіншіден, академик М.Қойгелді айтқандай – «Кез-келген халық үшін ең негізгі фактор – жер, ата-мекен. Жері жоқ ел бейшараға айналады. Ал осы ата-мекеніміздің халі қалай?… Халық бір уақыт кезеңінде қандай күйді кешсе, жер де сол тағдырды басынан өткереді екен».

Қазақстан – үлкен ел. Сондықтан оның ресурстарын түбегейлі және іргелі түрде түптеп-түгендеу қажет. Бұл жерде мәселе тек биологиялық және минералдық ресурстар ғана емес, сонымен қатар гуманитарлық – әлеуметтік, адами және т.б. ресурстарда.

Мемлекетіміздің ресурстарын түбегейлі түгендеу – бұл іргелі ғылымның басты міндеті, яғни біздің елімізде жан-жақты үлкен ғылым болуы керек. Ал үлкен ғылым дегеніміз – тек қана мемлекеттік ғылым.

Өз кезегінде үлкен ғылым дегеніміз – бұл классикалық, тұғырнамалық – ортодоксты ғылым салаларының теориялық, әдіснамалық мәселелері. Одан кейін осы бағыттарды ұстап тұрған инфрақұрылымдар. Сондықтан да мемлекеттік іргелі ғылымға негізгі тапсырыс беруші мемлекет болуы — басты талап, яғни мемлекет ғылымдағы монополист болуы керек. Тек мемлекеттік  монополия ғана ғылыми тәуелсіздіктің кепілі болмақ.

2016 жылғы Жер комиссиясының жұмысы көрсеткендей, мемлекетіміздің барлық ресурстары туралы толық ақпарат жүйеленбеген, ғылыми тұрғыдан сарапталмаған, тұжырымдалмаған. Бұл дегеніңіз – біздің Үкімет «Неге?» — деген сұраққа жауап бере алмайтындай сүріншек халде деген сөз. Себебі, мемлекеттің ғылымға монополиясы жеткіліксіз болып тұр.

Осы айтылған ойлар мен ұсыныстар Қазақстанның ғылыми тәуелсіздігін, одан туындайтын технологиялық тәуелсіздік орнату жолындағы айқын бағыт болары күмәнсіз.

  1. Қолданыстағы «Ғылым туралы» Заң проблемасы

Қолданыстағы «Ғылым туралы» ҚР заңы туралы толғансақ, «Ет бұзылса тұз себерсің; Тұз бұзылса не себесің?» — деген мақал ойға оралады. 2011 жылы қабылданған бұл заңға сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде жаңа тәртіп енгізілді. Содан бері Қазақ ғылымының басынан дау арылмай келеді. “Ғылым туралы” бұл заңға мынадай тезистермен баға беруге болатындай:

— Қазақ ғылымын отарлау заңы;

— Қазақ ғылымының денесіне байланған “шахидтің белдігі”

— Қазақтың ғылымын қарабайыр саудаға, ізденуші, зерттеуші ғалымдарын дорба арқалаған саудагерге айналдырды;

— Отандық ғылымды шашыратып, оған қорған бола алмады; ғылыми егемендігімізді қамтамасыз ете алмады;

— Қазақ ғалымдарын “батыраққа” айналдырды; Ғылымды басқару процесінен ғалымдар аластатылып, басқаруға кәсіби біліктілігі түсініксіз адамдар келді. Кейбір өткір сөзді журналистердің  пікірінше ғылымды басқаруды ”батыраштар” мен “қотыраштар” қолына алды;

— Өзі арзымайтын қаржыны конкурсқа салып, Қазаққа, оның ғылымына қатысы жоқ шетелдік сарапшылардың пікіріне арқа сүйеп, айқай-сүреңмен жұмыстың берекесін кетіретін қаржыландыру механизмін заңдастырды;

— Қазақ ғылымында қалыптасқан дәстүрлер мен стандарттар ығыстырылып, халықпен ақылдаспай, келіспей жаппай батыстық құндылықтарды тықпалау басталды, ағылшын тілі заңнамалық актілермен заңдастырылып, зорлықпен енгізілді. Нәтижесінде Қазақстан Республикасы Конституциясының басты принциптерінің бірі – Мемлекеттік Қазақ тілі ашық дискриминацияға ұшырады;

— Конституция кепілдік беретін шығармашылық еркіндік (20-1 бап) шектелді. Шетелдік журналдарда, баспаларда ғылыми еңбегі жарияланбаған ғалымдар отандық ғылыми жүйеде бағаланбайтын болды және отандық басылымдар құнсызданды. Қазақ тілінде дайындалған еңбектердің таралуына, қазақ тілінде дайындалатын ғылымм жобалар мен бағдарламаларға шығармашылық еркіндік берілмей отыр;

— Қазақтың мүддесіне негізделмеген субмәдениет (субкультура) болып қана тұр.

Сонымен, қолданыстағы «Ғылым туралы» Заң ата заңымыз — Конституцияның тұғырнамалық қағидаларына қарсы болып тұрғандай.

Ұлтаралық татулық біздің еліміздің, егемендігіміздің басты құндылығы. Жоғарыда атап өтілгендей, ғылыми-тәуелсіздігіміздің тірегі дедік. Ал «Ғылым туралы» Заңда және одан туындаған заңнамалық актілерде мемлекеттік — ҚАЗАҚ тілін кемсіту, дискриминацияға ұшырату еліміздегі ұлтаралық татулықтың кепілі бола алмаса керек.

Сол Конституциямыздың 39 бап 2 тармағында «Ұлтаралық татулықты бұзатын кез-келген әрекет конституциялық емес деп танылады» деп атап өтілген. Бұл тұрғыдан алғанда қолданыстағы «Ғылым туралы» заңымыз конституциялық емес деп танылуға тиіс деп ойлаймын.

Ол үшін қолданыстағы «Ғылым туралы» Заңға Конституциялық сот, ҚР Парламенті, саяси партиялар және т.б тиісті органдар саяси баға беруі керектігі айқын сияқты. Бүгінгі күні ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің даму стратегисында 2024 жылдың соңына дейін «Ғылым туралы» жаңа заң жобасын дайындау міндеті қойылыпты.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде бұл жаңа заң жобасы басқа концептуалдық негізде дайындалуы керектігі түсінікті болып тұр. Ең бастысы — «Ғылым туралы» жаңа заң интеллектуалдық пікірталастың нәтижесі болып, ата заңымызда шегеленген іргелі-тұғырнамалық қағидаларға (фундаментальные принципы) негізделсе болғаны.

  1. Биология ғылымының мысалындағы ғылым салаларының проблемасы

Ғылыми зерттеудің қорытындылары нақты ғылыми фактілермен негізделуі керек. Ал ғылыми фактілер нақты ғылыми әдістер мен әдістемеліктер негізінде жинақталуы қажет. Яғни, жалпыламалықтарға жол берілмей, бәрі де нақты болуы керек.

Бұл ретте, ғылыми мамандықтарды «батыл түрде» біріктіріп-ірілендіру үлкен қателік болды. Мысалы, биология ғылымында 24 мамандық болатын. Олардың басым көпшілігі — ботаника, зоология, микробиология, физиология, генетика, биохимия, биофизика сияқты іргелі- тұғырнамалық ортодоскты мамандықтар еді. Қазіргі уақытта осы 24 мамандық бір ғана «биология» мамандығына жинақталған.

24 мамандықтың әр-қайсысына ғана тән қағидалар, әдістер мен әдістемеліктер бір мамандыққа біріктірілді. Нәтижесінде, ғылыми қағидалар мен ерекшеліктердің қырлары көмескіленіп жойыла бастады.

Өз кезегінде бұл іргелі биология ғылымын ұстап тұрған инфрақұрылымның жұтаңдануына алып келді. Ботаникалық зерттеулерді зоологияның әдістерімен, зоологиялық зерттеулерді биохимияның, өсімдіктер физиологиясының әдістерімен жүргізуге болмайтынына қарамастан биологияның жоғарыда атап өткен классикалық бағыттарының тірегі болатын кафедралар біріктіріліп, тіпті дәстүрлі атаулары да калмады.

Мысалыға, Әл-Фараби атындағы Казақ ұлттық университетінің биология факультетінде бір кездегі 11-13 кафедрадан 4-уі ғана калған. Ғылымның басқа салаларында да осылай болды. Бір кездері Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылымның әр саласына білікті мамандар дайындаған 130 кафедралар саны екі дүркін қысқартылды.

Алдымен, кафедралар саны 90-ға қысқартылып, қазір 50-60-тайы ғана қалған. «Етігің аяғыңды қысар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда» дегендей, бұл қалыптасқан жағдайды қазақ ғылымында орын алған стратегиялық зиянды өзгерістердің нәтижесі демеске болмайды.

Шынтуайтын айтсақ, қазақ ғылымының аяғына салынған кісен болып тұр. Бұл тығырықтан  шығатын жол біреу ғана. Ол — ғылым салаларының дамуы туралы ұлттық тұжырымдама-концепцияларды негіздеп, дайындау және университеттерде классикалық, кафедралар мен оқу бағдарламаларын қалпына келтіру.

  1. Ғалымдар, ғылыми кадрлар дайындаудағы проблемалар. Ғылым мен білім беру аралығындағы диспропорция туралы

 Ғылымның инфрақұрылымында маңызды орын алатын — ғалымдар. Қоғам мойындаған әр ғалым жүйелі ғылыми ақпараттың қоржыны, қайнар көзі. Ғалымның әлеуметтік маңыздылығы да осында. Ең бастысы — олар ұлт намысын көтеріп жүрген азаматтар.

Өкінішке орай ғалымдардың қоғамдағы статусы жоғары емес. Ерекше атап өтетіні — бүгінгі қазақ ғалымдары  қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына» қынжылады.  Осының бірнеше себептеріне үңіліп көрейік.

Ең алғашкы себеп — бүгінгі күні орын алып отырған «ғылым мен білімнің арасындағы алшақтық, теңсіздік, диспропорция, Қаржыландыру мөлшері бойынша еліміздегі ғылым мен білімнің арақатынасы 1:35, яғни «ғылым» «білімнен» 35 есе кіші.

Біздің оқу орындарымызда ілініп тұрған «Білім мен ғылым егіз», «Ғылым — теңіз, білім — қайық» деген ұрандар дәйексіз бос сөз болып қана қалғандай. Ғылым мен білімнің арасындағы диспропорцияға қарап, Қазақстандағы оқу-білімнің отандық ғылыми негізі өте әлсіз, тіпті жоқтың қасында деуге болатындай. Бұл қалыптасқан дәстүр ғылымның қадірін кетіріп тұрғаны анық.

Бүгінгі күні қоғамдағы ғылымға деген көзқарас мектеп оқушысына деген козкараспен бірдей десе де болады. Карапайым халық үшін мектеп те ғылыми орталық болып көрінеді. Мектептерде 2 сыныптан бастап 11 сыныпқа дейінгі оқушылар ғылыми жобалар орындап, конкурстар ұйымдастырылады. Ы. Алтынсарин атындағы ҰПҒА негіздеген орта мектепке міндеттелген бұл процесс біздің ұлттық ғылыми жүйемізді, ғалымдарымызды дискриминациялау болып көрінеді. Бұл ақылға қонбайтын үрдіс, сондықтан одан бас тарту керек.

Орта білім беру жүйесінде мектеп мұғалімдері мен оқушыларды ғылыми жоба жасауға міндеттеген оқу стандарттары бар сияқты. Қорыта айтқанда, ғалымға деген көзқарас мектеп оқушысына деген көзкарастан басқа болуы тиіс.

Ғалымның қоғамға, елге айтары болуы керек, тұжырымдары мен ғылыми бағыты болатыны да түсінікті жайт. Ал мектептегі ғылыми жобалар конкурсының жеңімпазы атанған бастауыш сыныптың баласынан кандай тұжырым, кандай концепция сұрауға болады? Бұл ретте ерекше назар аударылатын мәселе – Ы.Алтынсарин атындағы ҰПҒА-ның жұмысына ғылыми-теориялық, әдістемелік, әлеуметік аудит жасап, жаңа концептуалдық негізде реформа жасалуы қажет сияқты.

Ғалымның әлеуметтік статусы жоғары болуының тағы бір алғы шарты — білікті маман дайындау. Бүгінгі күні жұмыс берушілердің басым көпшілігі (барлығы десе де болады) ЖОО-ның түлектерін жұмысқа алғанда қайтадан оқытып-үйретуге тура келетінін айтып жүр. Себебі, олар өз саласының объектілерін білмейді. Сондықтан, жұмысты жолға қоя алмайды.

Оқу бағдарламаларында нақты объектілер мен процестер жылдан жылға кеміп бара жатыр. Ал, оқудың өзі виртуалды, жалпылама сипат ала бастады. Бұл тығырықтан шығатын бір-ақ жол бар. Ол — классикалық оқу бағдарламаларымен қамтамасыз етілген кафедраларды қалпына келтіріп, толыққанды жұмыс істеу.

Ал, ғылыми – академиялық дәрежесі бар магистрлер мен философия (PhД) докторларын дайындауды ғылыми-зерттеу институттарына міндеттеу керек сияқты. Кадр дайындаудағы басты ұстаным — принципті былай тұжырымдауға болатындай  — «Онлайн тамақ іше алмайсың» немесе «Ағаш қасықпен балқыған шойынды құя алмайсың». Бұл ретте Зерттеу университеттерінің концепциясын қайта қарап, мақсат-міндеттерін тереңдету қажет сияқты.

Қазақстан ғалымдарына деген құрмет орнына келуі үшін ғылыми дискуссия алаңдары ұйымдастырылуы керек. Ең өкініштісі, соңғы 15-20 жылда Ғылым Комитетінің басшылығында ғалымдармен тең сөйлесетін, түсінетін, пікір алысатын тұлға болған жоқ.

Ғылымды басқару, үйлестіру, ұйымдастыру жұмыстары “бригадирлік” деңгейінде болды десе де болатындай. Сондықтан, қоғамдық салалық ғылым академияларының құрылтайы ҚАЗАҚ ғылымының жайын талқылайтын манызды диалог, пікір алысу, алаңы болар еді.

Өз кезегінде, бұл ғалымға деген құрметтің шынайы көрінісі болатыны хақ. Егер, жыл сайынғы ғылымның жай-күйі туралы Ұлттық баяндама академиялардың осы құрылтайында талқыланатын болса, құба-құп болары сөзсіз.

Көпшілік ақиқатқа жақын шындықты мойындайды. Әркімнің өз шындығы бар десек те, шын ғалымның шындығы ақиқатқа ең жақын категория дер едім. Оны ұғыну үшін ғалым мен қоғам арасындағы пікір алысу болғаны өте маңызды.

  1. Ауыл шаруашылығы ғылымы (Президенттің халыққа жолдауы аясында)

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев еліміздің ауыл-шаруашылық саласына орасан үлкен мән беріп, ерекше көңіл аударып отыратыны өзіңізге мәлім. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Халыққа жолдауында Мемлекет басшысы ауыл-шаруашылығын дамыту мәселелеріне тағы да баса назар аударып, қоғам алдында жаңа міндеттер қойды.

Сол міндеттердің ең бастысы, менің ойымша, ауыл-шаруашылығының дамуын ғылыми қамтамасыз ету болып табылады. Яғни, ауыл-шаруашылық ғылымының дамуы өте өзекті мәселе деген сөз. Қазақстандағы аграрлық ғылым туралы өз ойымды баяндамас бұрын Сіздің назарыңызды жалпы биологиялық ғылымдардың жайына аударсам деп едім. Себебі, бүкіл аграрлық ғылымның іргетасы, түп-тамыры өзінің бастауын биологиялық ғылымдардан алатыны басты шындық.

Бүгінгі тарихи кезеңде Қазақстанда  биология ғылымдарының ұзақ мерзімдік даму стратегиясының ұлттық концепциясы керек. Онсыз елімізде биологиялық және экологиялық қауіпсіздіктің ғылыми негізін қалыптастыру мүмкін еместігі түсінікті жайт. Бұл ұзақ мерзімге арналған ұлттық концепцияда төмендегі жайлар міндетті түрде ескерілуі керек деп есептеймін:

  • Биологиялық ғылым салаларын жинақтап, қолдау; Саяси қамқорлық жасау;
  • Биологиялық зерттеулердің барлығында биологиялық және экологиялық қауіпсіздік аспектілері мен мәселелеріне басымдық беру;

Биологиялық және экологиялық қауіпсіздік саяси ұстанымы болу керек;

  • Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биология факультетінде биолог-мамандарды түбегейлі дайындауды жолға қою, оқу бағдарламаларының теориялық тереңдігіне мән беру.
  • Биология ғылымдарының теориялық, ғылыми-әдістемелік, кадрлық әлеуеті оңдалса, аграрлық ғылымның жинақталған проблемаларын шешуге жағдай туатыны түсінікті жай. Менің ойымша, ол проблемалар мыналар:
  • Аграрлық ғылымның ұзақ мерзімге арналған біртұтас концепциясы жоқ. Ауыл-шаруашылығы саласының қысқа мерзімге (4-6 жыл) жасалған стратегиялық жоспарларында қазіргі уақытта өте өзекті болып тұрған биологиялық, экологиялық, тағамдық қауіпсіздік мәселелері көп қарастырылмаған, оның үстіне, соңғы 8-10 жылда жарияланған ауыл шаруашылығы Министрлігі мен Ұлттық аграрлық ғылым және білім орталығының стратегияларында аграрлық салада кадрдың жетіспеушілігі мен сапасының төмендегені ашық талқыға салынған.  Осы стратегияларда аграрлық салада технологиялық тәуелсіздіктен айырылып қалуымыз мүмкін деген пікір де айтылған. Қалыптасқан осы жағдайдың басты себебі, ол-аграрлық ғылымның дамуы туралы ұлттық тұжырым-концепцияның болмауы.
  • Аграрлық ғылымның теориялық негізі айқындалмаған. Менің ойымша, ауыл-шаруашылық ғылымының теориялық негізі болатыны — Қазақстан жер аумағының агроклиматтық аудандалуын тұжырымдаған Ұлттық агроклиматтық анықтамалық. Осыдан 8-10 жыл бұрынғы аграрлық тезнологиялар трансфертінің нәтижелері көңілге қонбайды, тіпті сәтсіз болды деуге болатындай. Себебі, технологиялар трансферті кезінде Қазақстанның табиғи – климаттық ерекшеліктері ескерілмеді. Ғылыми-теориялық негізі тым әлсіз трансферттер жоғарыда аталып өткен технологиялық тәуелсіздікті нығайта алмады;
  • Қазақстан ауыл-шаруашылық жерлерінің 90 % -і жайылымдар. Біздің еліміз әлемде төртінші жайылымдық держава болып есептеледі. Табиғи жайылымдарды парықпен  тұрақты-тиімді пайдалану туралы өзіміздің ұлттық бағдарламамызды дайындап алатын жөніміз бар. Бірақ, табиғи жайылымдарды тұрақты басқару жөніндегі ұстаным-концепциямыз да, мемлекеттік ғылыми-зерттеу институтымыз да, басқару органымыз да жоқ. Бұл оқылықты тез арада жою керек. Сондықтан шұғыл түрде «Жайылымтану» ғылыми-зерттеу институтын құрып, Аграрлық университеттерде  «Геоботаника» мамандығы бойынша маман-кадрлар дайындауды қолға алу қажет.
  • Органикалық ауыл-шаруашылығы мәселелері биологиялық, экологиялық, азық-түліктік және тағамдық қауіпсіздік мәселелерімен үндес. Еліміздегі ауыл-шаруашылығының перспективасы бұл тұрғыдан алғанда өте зор. Бұл жарқын болашақ – перспективаның тұғыры мен негізі табиғи жайылымдарды ұтымды пайдаланып, басқару болып табылады. Аграрлық ғылымның алдындағы тағы бір үлкен міндет — Қазақстан органикалық ауылшаруашылығын жүргізудің Ұлттық бағдарламасын дайындау болып отырғаны анық.

Қорыта айтқанда, Қазақстан ғылымының ауқымы кіші болмауы керек, бола да алмайды. Ал, үлкен ғылым биік идеялар, ұлы мақсаттар мен жарымжан-шала іс-әрекеттердің гибриді болмауы керек деген сенімдемін. Жаңадан құрылған ҰҒА-сы рухани шымыр, материалдық тұрғыдан толыққанды ұлттық ғылыми жүйені қалпына келтіреді деген үміттемін.

Құрметпен және үмітпен,

          биология ғылымдарының докторы,

          профессор, ҚР АШҒА академигі,

          ҚР ПҒА академигі, Моңғолия

          ҰҒА академигі                                                    Аралбай Н.К.

 

 

Другие новости

Back to top button