Жамбылская область

АШМ пияздың бағасын екі есе арзандатты: Жамбыл облысында шаруалар өнімін сата алмай отыр

Импорттаушы елдер пиязды Қырғызстаннан алуға көшкен

Жамбыл облысында диқандар еккен пиязын сата алмай әлек болып отыр. Нарықта өнімнің өзіндік құны өсіп жатқан тұста, пиязды жергілікті билік ұсынған бағамен сату мүмкін емес, дейді шаруалар. Алайда шаруалар өнімді сату «екінші мәселе» екенін, ал бірінші кезекте пиязды жинау және сақтау мәселесі өзекті болып тұрғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Егістікті арамшөптен тазарту үшін жан-жақтағы аудандардан жүздеген адам келіп жұмыс істейді. Бұл олар үшін маусымдық жұмыс. Олар бір айдың ішінде 300-400 мыңдай ақша табуы мүмкін. Бұл шығындарды ешкім есепке алмайды.

Біз ерте көктемнен бастап, күзге дейін осында жүреміз. Мақсатымыз – сапалы өнім алу. Барлық диқан жақсы өнім алғысы келеді. Бәрінің мойнында қарызы бар. Бірақ мұндай бағамен шаруалар өз шығынын жауып, үстінен пайда көре алмайды. Қазір мүлдем сұраныс жоқ. Көріп тұрғандарыңыздай жұлынған пияздар сол күйі жатыр. Жанып жатыр деуге болады. Өнімнің өзіндік құны жыл сайын өсіп жатыр. Ал нарықтағы баға өсіп жатқан жоқ, бізге керісінше арзандатып сатқызуда.

Тыңайтқыштың бір қабы былтыр 4 500 теңгеге бағаланса, биыл 10 мың теңгеден алуға мәжбүрміз», — дейді шаруалар.

Бұдан бөлек, егіншілер еккен өнімдерін экспортқа шығара алмай отырғанын жеткізді. Себебі сұраныс жоқ. Импорттаушы елдер пиязды Қырғызстаннан алуға көшкен. Айта кетейік, Жамбыл облысының пиязы көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Украина елдеріне тасымалданады.

«Мемлекет егістік алқабын көбейту керектігін айтып жатыр. Бірақ түптеп келгенде аяқтан шалады. Мұндай мәлімдемелерді қыста айту керек. Сол кезде шаруалар мұндай тәуекелге бармайтын еді. Қазір бәрінің басында кредиттері, қарыздары бар. Биліктегілер жұртты тығырыққа тіреп жатыр», — дейді шаруалар.

Аталған мәселе бойынша редакция тілшісі Жамбыл облысы әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасына хабарласып, шаруаларға қандай қолдау көрсетілетінін сұрап білді. Өз кезегінде басқарма өкілі экспортқа шектеу жоқтығын айтып ақталды. Бірақ баға көтерілмейтін көрінеді.

«2021 жылы Жамбыл облысы бойынша 24,5 мың гектар алқаптан 677,8 мың тонна пияз өнімі өндірілді. Бұл облыс халқының тұтыну нормасына сәйкес ішкі қажеттілікті 37 есеге қамтамасыз етеді. 2022 жылдың өнімі үшін 25 мың гектар алқапқа пияз дақылы егіліп, орташа өнімділігі гектарына 275 центнерден есептегенде 689,6 мың тонна өнім өндіру көзделуде. Бір Жамбыл облысында өндірілетін пияз өнімі республикалық ішкі қажеттілікті 2,2 есе қамтамасыз етуге жеткілікті. Облыста өндірілетін пияз өнімінің көлемін экспорттауға ешқандай кедергі жоқ. Қазір пияздың бағасы – 110-120 теңгенің аралығында», — деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов.

Бұдан бөлек, жуырда ғана Ауыл шаруашылғы министрі Ербол Қарашөкеев БАҚ өкілдерімен кездесу барысында пияз өнімінің экспортына қатысты сұраққа нүкте қойды. Сол сияқты өнімнің бағасы арзандайтынын айтты. Бірақ министр шаруалардың тығырыққа тіреліп, кіріссіз қалатынын ескермеді.

«Соңғы уақытта пиязды шығаруға шектеу шараларын енгізу мәселесі талқыланып жатқанын, алайда министрлік бұл мәселені қолдамайтынын атап өткім келеді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта министрлік Түркістан және Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, пияз өндірушілер мен өзге облыс, қала әкімдіктері арасында келісімшарт жасасу жұмысын жүргізуде. Кездесу қорытындысы бойынша пиязды сату бағасы 220 теңгеден 110 теңге/кг-ға дейін төмендеді», — деді Қарашөкеев.

 

Другие новости

Back to top button