Араб жазуы бар атышулы ту қайда сатылған

Араб жазуы бар Қазақстанның өзгертілген туы маркетплейстер мен дүкендерде еркін сатылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДҮКЕНДЕР
Мысалы ту wildberries интернет-дүкенінде сатылған. Әлдекімдер оны скрин жасап үлгерген. Қазіргі уақытта интернет-дүкеннен өзгертілген туды іздесеңіз таба алмайсыз.
Сонымен қатар, ту instagram-дағы insan.atyrau дүкенінде де сатылған. Қазір парақшадан тудың суреті алынып тасталған.
ОҚИҒА ТУРАЛЫ
Еске салайық, Атырауда туды өзгертіп, тұмшаланып суретке түскендердің үстінен іс қозғалған болатын.
Фото Атыраудағы Хиуаз Доспанова атындағы Мұз сарайында түсірілуі мүмкін. Атырау облыстық полиция департаменті қазір суретке түскендер анықталғанын хабарлады.
Әлеуметтік желіде таралған жазба бойынша мемлекеттік рәміздерді қорлау бабымен қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Таралған жазбадағы төрт күдікті де анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олардың екеуі жасөспірім болғандықтан, ата-анасының қатысуымен жауап алынуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялануға жатпайды, – делінген полиция хабарламасында.
Олар ұстап тұрған Қазақстанның Мемлекеттік туының жоғарғы жағында арабша жазу жазылып, қылыштың бейнесі суреттелген.